Америкалық инвестор болашақта орталық банктер азайып, биткоинды ресми пайдаланатын мемлекеттер көбейеді деген болжам айтты
Орталық банктерде халықтың ақша аударуы мен операцияларына бақылау бар. Халық алдағы уақытта осы бақылауды алып тастауды талап етуі ықтимал. Бұл туралы Digital Bridge форумында Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Банктен есепшот ашу үшін бегілі бір мөлшерде қаражат жұмсалады. Банктер де кейбір азаматтарға шот ашуға құқылы емес. Өйткені реттеушінің бақылауы қатаң. Тиісінше, банкте шоты жоқ азаматтар биткоин арқылы өзінше экономикасын құрып жатыр, - дейді Тим Дрейпер.
Тим Дрейпердің пікірінше, болашақта орталық банктер азайып, биткоинды ресми пайдаланатын мемлекеттер көбеймек.
Биткоин пайдаланғанда салықтан жалтара алмайды, төлемдер автоматты түрде жасалады. Осы себепті де менің биткоин туралы пікірім айтарлықтай оптимистік тұрғыда, - дейді спикер.
Сонымен қатар, Тим Дрейпер не себепті кей криптовалюталардың сұранысқа ие болмай қалғанын айтты.
Кейбір криптовалюталар өміршең бола алмады, өйткені олар орталықтандырылған еді. Олар бір адамға байланған болатын. Ұлттық валюталар да орталықтандырылған. Тиісінше, саяси күштерге тәуелді. Биткоин орталықсыздандырылған, ашық және транспарент. Әр адам әлемдегі кез келген транзакцияны көре алады. Жалпы, биткоин біздің өмірімізді айтарлықтай жақсарта алар еді, - деп қорытындылады сөзін Тим Дрейпер.
Естеріңізге сала кетейік, Тим Дрейпер Қазақстанның цифрлық қызмет көрсету тұрғысынан АҚШ-ты басып озғанын айтқан еді.