Halyq Uni логотип
×

Жыл соңына дейін республикалық бюджетке 2,2 трлн теңгенің түспей қалу қаупі бар

Салық комитеті 700 млрд теңгені көлеңкелі экономикаға қарсы күрестен түсірмек

 Еркеғали Болатұлы 10.10.2023 | 14:25
Жыл соңына дейін республикалық бюджетке 2,2 трлн теңгенің түспей қалу қаупі бар
фото: Halyq Uni

Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджетке жыл соңына дейін 2,2 трлн теңге түспей қалуы мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге түспей жатыр.

Бұл бізге қиыншылық тудырып отыр. Себебі біз осы жылғы экономиканы болжаған кезде мұнай бағасы жоғары болуы керек болатын. Кемінде 85 доллар болуы қажет еді. Ол осы мәнге енді ғана келіп жатыр, 8 ай бойы мұнай бағасы төмен болды. Одан кейін металлдардың бағасы түсіп кетті. Аллюминий, мырыш, мыс бағасы әлі көтерілген жоқ. Бізде республикалық бюджетке кірістер негізінен тау-кен орындарын дамытатын компаниялардан және мұнай-газ саласынан түседі, - деді Ерұлан Жамаубаев Үкіметте өткен брифингте.

Бұл ретте республикалық бюджет импорттық тауарларға салынатын қосалқы құн салығынан да қағылып отыр.

Соның барлығы, айналып келгенде, 1,2 трлн теңге болып отыр. Осы тенденция жалғаса берсе, жылдың соңына дейін біздің республикалық бюджетке 2,2 трлн теңгенің түспей қалу қаупі бар, - деп алаңдаушылық білдірді вице-премьер.

Қазір Мемлекеттік кірістер комитеті осы 2,2 трлн теңгенің 700 млрд теңгесін салықтық-кедендік әкімшілендіру саласынан, көлеңкелі экономикаға қарсы күрестен түсіруді жоспарлап отыр.

Ал 1,3 трлн теңге бойынша, Ұлттық қор «ҚазМұнайГаз» компаниясының 20%-ға жуық акциясын орналастырады.

«Сол кезде шамамен 1,3 трлн теңге болады. Оны дисконтпен орналастырады. Сөйтіп, ол қаражатпен біз республикалық бюджеттің кем болып жатқан жерін толықтырамыз», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама