4% автонесие: Бүгін бағдарламаға өтінішті тек бір банк қабылдайды
Бұған дейін Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бүгін іске қосылатыны хабарланған еді
Елімізде 4% жеңілдікпен автокредитті бастапқы кезеңде төрт банк береді. Бүгін сағат 14.00-ден бастап қазақстандықтар «Центркредит Банкіне» банкіне өтініш бере алады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Өнеркәсіпті дамыту қорының мәліметінше, бағдарламаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде несиені «Халық банкі», «Центркредит Банкі», Forte Bank және «Еуразиялық банк» береді.
Бұған қоса қор өкілдері жеңілдетілген несиеге өтінім банк бөлімшелерінде қабылданбайтінін атап өтті. Көлік алғысы келетін қазақстандықтар автосалондардағы банк өкілдеріне ғана жүгінуі қажет.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаровтың айтуынша, әр банктің өз лимиті бар. Оны уәкілетті орган анықтайды.
Қазір біздің қорда корпоративтік рәсімдер өтіп, банктермен келісімдер жасалып жатыр. Бірінші келісім бүгін «ЦентрКредит Банкімен» жасалады және ол бүгін өтінімдерді бірінші болып қабылдай бастайды, - деді Ғаппаров.
Жеңілдетілген автонесие беру үшін «Банк Центркредит» 20 млрд теңге алатынын нақтылады. Қалған банктер корпоративтік процедураларды аптаның соңына дейін аяқтайды.
Бағдарлама бойынша өтінімді ертеңнен бастап Forte Bank қабылдай бастайды.
«Бұл бағдарламада автомобильді екі жылда бір рет қана алуға болады. Одан көп алуға болмайды деген шектеу бар. Бұл шектеу оң әсер етеді. Өйткені адамдардың арзан несиемен көлік алуын қолжетімді етеді», - деп қосты ол.
Сондай-ақ бағдарламаға қатысып жатқан екінші деңгейлі банктерге электрондық кезектің болуы туралы талап қойылып отыр. Онда әрбір адам өтінім бергеннен кейін өз кезегінің нөмірін тексере алады.
Осы бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – банктер төлем шотында vin-коды болған жағдайда ғана өтінімдерді қабылдайды. Бұл дегеніміз, банктер өтінімдерді автосалонда автомобильдер болса ғана қабылдайды. Бұл ұзақ мерзімге ұзақ кезекті болдырмау үшін жасалып отыр, - деді Ринат Ғаппаров.
Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы іске қосылды. Елімізде қанша жеңіл көлік тіркелгені белгілі болды.