Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованы қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Басқарма төрағасы президентке компанияның биыл 8 айда атқарған жұмысы жөнінде баяндады:
- Компания шығындарды оңтайландыру, электронды коммерцияны және басқа да қаржылық қызметтерді дамыту есебінен соңғы 5 жылда алғаш рет шығыны аз, табысты мекемеге айналған;
- «Қазпоштаның» 8 айдағы кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44 пайыз немесе 16,7 млрд теңгеге артқан;
- Еліміздің шалғай елді мекендерінде «Қазпоштаның» бөлімшелер желісін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл пошта, қаржы, агенттік, әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
- «Қазпошта» АҚ электронды коммерция нарығының субъектілері үшін бірыңғай экожүйе құрады. Ол үшін компания фулфилмент орталықтарын дамыту, отандық және шетелдік танымал маркетплейстер үшін тапсырыстар беру пункттерін ашу, қоймалар мен поштамат желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әсел Жанасова компания Ақтөбе қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында логистикалық хаб салу бойынша жоспар барын айтты. Мұндай логистикалық хаб осы аптада Астана қаласында ашылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның қаржылық жағдайын жақсарту жұмыстарын жалғастыруды, ауыл тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік және мемлекеттік қызметтер аясын ұлғайтуды тапсырды.