×

Елімізде ормандағы өрттердің өзінен мемлекетке 30 млрд теңге шығын келген

Ал Қазақстандағы бүкіл аумақтың 4,7%-ында ғана орман алқаптары бар

 Еркеғали Болатұлы 28.09.2023 | 17:36
фото: Halyq Uni

Қазақстан ормандарында жыл сайын 600-ден астам өрт болса, соңғы 5 жылда оның саны 3 мыңға жеткен.

Бас прокуратураның алқа отырысында бейінді министрліктер басшыларының қатысуымен ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды, деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі. 5 жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың орман өрті болып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келген. Жыл сайын осындай 600-ден астам жағдай тіркеледі.

Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған бірқатар түйінді проблемалар айтылды:

  • өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің жоқтығы;
  • Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы;
  • өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы;
  • техниканың тозығы жеткен жай-күйі;
  • орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы.

Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.

Орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің оны молайту, оның ішінде Астананың «жасыл белдеуін» кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ бас прокурор осы саладағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың анықталуының төмендегенін атап өтіп, орман ағаштарын ұрлаудың заңсыз схемаларының жолын кесу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама