Олар «сауда объектілеріне» теңестіріледі
Қазақстанда интернет дүкендерге талап күшейеді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы және оған ілеспе заңдар таныстырылды.
Жиында Қайрат Балықбаев биыл интернет дүкендерден онлайн тауар сатып алғандардан шағым айтарлықтай көбейгенін атап өтті.
2023 жылғы 6 айда онлайн саудаға қатысты тұтынушылардың электронды сауда сегментіне шағымдарының саны 2021 жылға қарағанда 400% өсті. Мұны ескеріп, заң жобасы мен шарттарда тұтынушылардың құқығы мен заңды мүдделерін бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарға жол бермеуді бекіту, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою, атап айтқанда, тауарларды сату үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылады, - деді министрдің орынбасары.
Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгеріс бизнес субъектілерін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 193-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
«Заң жобасында құқық қолдану практикасы мен тұтынушыларды құқықтық қорғаудың нәтижесіне әсер ететін әртүрлі түсіндірмелері бар бірқатар құқықтық олқылықты, норманы жою ұсынылады», - деді ол.
Қайрат Балықбаев заңға қандай норма енгізілетінін де түсіндірді.
Мысалы, сапасыз шәйнекті немесе балалар ойыншығын тұтынушылар 10-15 мың теңгеге сатып алады. Өкінішке қарай, сатушылар бұған аз сома ретінде қарайды. Біз (заңға) тауар сомасынан айыппұлдар бойынша градацияны енгізуді ұсынып отырмыз, яғни тауар сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл соғұрлым көп болады. Оның мөлшері 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл сатушыны тұтынушымен дауды шешуге итермелейді. Өйткені ол істі сотқа жеткізсе және сот оған айыппұл салса, онда ол төленген тауардың сомасын да, айыппұл мен шығындарды да өтеуі керек. Мұндай норма тұтынушы мен сатушы арасындағы дауды сотқа дейін шешуге ынталандырады. Бұған дейін Қазақстанда мұндай құрал болмаған, - деп түйіндеді сөзін вице-министр.