Halyq Uni логотип
×

Қазақстан кедендегі жемқорлықпен жасанды интеллект арқылы күреспек

Бүгінде министрлік жаңа әдістерді сынақтан өткізіп жатыр

 Дәурен Ерболат 28.09.2023 | 11:34
Қазақстан кедендегі жемқорлықпен жасанды интеллект арқылы күреспек
Фото:gov.kz

2024 жылы жемқорлық дерегін азайту үшін кеденде жасанды интеллектіні іске қосамыз. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған «Қазақстанның Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды.

Құжатты талқылау барысында сенатор Геннадий Шиповских Қаржы министрінің орынбасарына «Болашақта кедендік бақылауда жасанды интеллектіні қолдану жоспарда бар ма? Жаңа тетіктерді пысықтап жатырсыздар ма?» деген сұрақ қойды.

Вице-министр Ержан Біржанов бұл мәселе бақылауда екенін жеткізді. Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап кеденде жасанды интеллектінің элементтері іске қосыла бастайды.

Сіз жасанды интеллект туралы айттыңыз. Қазір біз инспекторлық тексеру кешендері арқылы түсірілетін рентген суреттерді, яғни адами факторды азайту үшін жасанды интеллектіні енгізіп отырмыз. Біріншіден, бұл жемқорлық жағдайларын азайтуға, (деректі) автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, қазір (кеден қызметкері – автор) жетонды қолданған кезде аудио жазбаны адам емес, жасанды интеллект тексереді. Ол бастапқы, қауіпті сөздер арқылы (жемқорлық дерегін – автор) анықтау көзделіп отыр. Қазір тестілеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы жаңа бақылау түрлерін жұмысқа енгіземіз, - деді министрдің орынбасары.

Жоғарыда аталған заң жобасын Сенат депутаттары мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама