Эконом санаттағы үйлерге сұраныс артады – «Отбасы банк»

Дәурен Ерболат

Демографиялық жағдай сұраныстың төмендемейтінін көрсетіп отыр

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда эконом санаттағы үйлерге сұраныс артады. Бұл туралы «Отбасы банктің» төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, баспанаға сұраныс төмендемейді.

«Үйлерді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 2019-2020 жылдардағы көрсеткішке сәйкес келеді. Оның ішінде Қазақстандағы туу коэффиценті ТМД елдерінде жоғары екенін ескерсек, біз елімізде баспанаға сұраныс артады деп болжам жасап отырмыз.

Бізде ай сайынғы айырмашылықтар болады. Мысалы, жазда баспанаға сұраныс азаяды, қыркүйекте бұл көрсеткіш артады. Сондай-ақ (баспанаға сұраныс – автор) урбанизацияға да қатты байланысты. Себебі көптеген ауыл тұрғыны, яғни 1-курстың студенттері қалаға келеді. Бұл тұрғын үйді жалға беру нарығына салмақ түсіреді және бір бөлмелі пәтерлерге сұранысты айтарлықтай арттырады, - деді Ләззат Ибрагимова Мәжіліс кулуарында.

Төраға тамыздағы сандар осы тенденцияны дәлелдегенін атап өтті.

«2 қалада, оның ішінде Астанада бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс артты. Жалпы тұрғын үй нарығында эконом санаттағы үйлерге сұраныс болады деген болжам бар. Бұл жас отбасылар мен бірінші рет пәтер сатып алғысы келетін отбасыларға қатысты. Біз банк ретінде кезекте тұрғандарға пәтер сатамыз», - деді ол.

Ләззат Ибрагимова бүгінде банктің моноқалаларда жұмыс істеуге кіріскенін жеткізді.

Қазір біз моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде жұмыс істеуге кірістік. Жақында Екібастұз қаласы бойынша «Ертіс жастары» бағдарламасы негізінде келісімге қол қойдық. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының әкімдігімен және Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданымен бірігіп жұмыс істейміз. Әкімдіктер аудандарда жұмыс орнының артуына байланысты моноқалаларда баспанаға сұраныс артқанын байқап отыр, - деді төраға.

Оның пікірінше, еліміздегі демографиялық жағдай ірі қалаларда баспанаға сұраныстың төмендемейтінін көрсетеді.

2000 жылы 236 мың сәби дүниеге келген болатын. Қазір олар 23 жаста. Осы жастар бір бөлмелі баспаналарға сұранысты арттырады, - деді Ләззат Ибрагимова.