Қазақстан мен Беларусьтің сауда айналымы 1 млрд доллардан асты

Динара Амантай

Екі ел премьер-министрлері өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыруды талқылады

Фото: primeminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Беларусьтің Үкімет басшысы Роман Головченко сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу «ИННОПРОМ. Қазақстан» халықаралық өнеркәсіп көрмесі қарсаңында өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әлихан Смайылов Беларусь Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтті. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 23%-ға өсіп, 1 млрд АҚШ доллары шегінен асты. Премьер-министрдің айтуынша, өсімнің жоғары серпінін сақтау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің ауқымын кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажет.

Сонымен қатар екі ел арасындағы серіктестіктің қозғаушы күшінің бірі – өнеркәсіптік кооперация. Мәселен, қазірдің өзінде құны 180 млн долларға жуық 8 жоба іске асырылып, соның негізінде 1400 жаңа жұмыс орны ашылды. Іске асыру сатысында құны 19 млн доллар болатын 2 жоба бар. Бұл ретте Қазақстан мен Беларусь ведомстволары 800-ге жуық жұмыс орнын құру арқылы құны 100 млн доллардан асатын тағы 4 жобаны іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазақстан индустриялық ынтымақтастықты дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға және қолданыстағы өндіріс орындарының қуатын кеңейтуге мүдделі, – деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Беларусь премьер-министрі Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының табысты ынтымақтастық жобаларын осы бағытта одан әрі дамыту үшін үлгі бола алатынын атап өтті.

Бүгінде бірлескен өндірістік қуаттар қазірдің өзінде Қазақстанда жылына 10 мың трактор мен 1 мыңға дейін комбайн шығаруға мүмкіндік береді. Біз бұл жобаларға алдағы уақытта да қолдау күтеміз, – деді Роман Головченко.

Сонымен қатар ол агроөнеркәсіптік кешен, өрт сөндіру-құтқару техникасын өндіру және құрылыс саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын атап көрсетті.