Halyq Uni логотип
×

Түркі инвестициялық қорының қай салаларды дамытуға басымдық беретіні айтылды

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

 Айгерім Таубай 20.09.2023 | 15:35
Түркі инвестициялық қорының қай салаларды дамытуға басымдық беретіні айтылды
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл келісім 2023 жылы Анкарада жасалды. Құжаттың мақсаты – өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық қызметті қолдау арқылы Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу үшін Түркі инвестициялық қорын құру. Қорды құру бастамасына Әзербайжан бастамашы болған.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі міндеттерінің бірі –  экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын ынталандыру.

Қордың мақсаты – өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. Осы мақсатқа жету үшін қор инвестициялық қызмет арқылы шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономиканы қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларын қолдау функцияларын орындайды, - деді Қуантыров.

Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Қордың жарғылық капиталы – жалпы номиналды құны 350 млн доллар төленген акциялар және номиналды құны 150 млн доллар қосымша тартылатын акциялар. Онда әрбір мемлекеттің  үлесіне 70 млн доллар төленген акциялардан тұрады. Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қордың құрамына Қор президенті, басқарушылар кеңесі, директорлар кеңесі, бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді, - деді министр.

Қордың бірінші президенті – Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы бас хатшысы Бағдат Әміреев. Қордың штаб-пәтері – Ыстанбұл қаласы.

Сондай-ақ келісімге сәйкес алдағы 4 жылға республикалық бюджеттен 31 218 600 мың теңге немесе 70 млн АҚШ доллары мөлшерінде қаражат бөлу көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама