×

«Баяндамаңыз әдемі екен». Смайылов инвестиция тарта алмаған әкімдерді сынады

Алматы қаласы мен Ұлытау облысында инвестициялық жобалар уақытында іске қосылмаған

 Дәурен Ерболат 18.09.2023 | 09:05
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 8 айда негізгі капиталға инвестиция тарту қарқыны және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 9,6 трлн теңге болғанын атап өтті. Бұл өткен жылдың қаңтар-тамызына қарағанда 12,2% артық. Оның айтуынша, қаражаттың көп бөлігі тау-кен өнеркәсібіне, жылжымайтын мүлік секторына, көлік және қоймалауға, өңдеу өнеркәсібіне тартылған.

20 өңірдің 13-і межелі міндетті асыра орындады, оның ішінде Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы және басқа да өңірлер бар.

Премьер-министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту керектігін жеткізді. Алайда 8 айдың қорытындысына сәйкес жылдық жоспар небәрі 52% орындалған. Осыған байланысты жоспарды орындау үшін кейбір өңірлер мен мемлекеттік органдар өте ауқымды көлемде инвестиция тартуы қажет.

Әлихан Смайылов негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша ең төмен көрсеткіш тіркелген, яғни есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған Ұлытау облысын мысалға келтірді.

Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвестиция биыл тартылса, онда біз нәтижені келесі жылы көреміз. Мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп отыратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруге тиіс. Жұмыс орындары қазір керек, – деп сынға алды Үкімет басшысы.

Ол кейбір инфрақұрылымдық жобалардың аяқталмауына байланысты жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосу кешіктіріліп жатқанын айтты. Бұл аймақтың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.

Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбдіғалиұлы (Ұлытау облысының әкімі), бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестиция тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешуге ұйымдастырыңыз, – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Алматыда да бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру тоқтап қалған. Биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 млрд теңгеден аса қаржы құйылмаған. Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады. Бірақ ондағы мәліметтер Үкімет басшысының көңілінен шықпады.

Сіз мәселенің тігісін жатқызып, әдемі баяндадыңыз. Бірақ фактілер мен сандар басқаша «сөйлеп» тұр. Сіздің мәлімдеуіңізше, инвестиция бойынша нақты көлем индексі – 100,1%. Іс жүзінде өткен жылдың деңгейінде тұр. Бұл әлі күнге алға жылжу жоқтығын білдіреді, яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім жоқ. Жұмысты күшейтіңіз. Сіздерде бірқатар инвестициялық жоба тоқтап тұр. Оларды іске асыруды жеделдетіп, пайдалануға беріңіздер. Келесі жылды күтпей, биыл нәтиже көрсетуіміз керек, - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан әрі Инвестициялық штаб отырысында бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысы қаралды. Олардың ішінде Алматы облысындағы тамақ өнімдерін шығаратын зауыт, Астанадағы 4 мың орындық халықаралық мектеп және биотехнологиялық препараттар шығаратын кәсіпорын бар.

Премьер-министр осы маңызды жобалардың әрқайсысы бойынша келісу рәсімдері мен басқа да өзекті мәселелерді шешу кешіктіріліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, министрліктер мен әкімдіктер шетелдік инвесторлардың мәселелерін шешуге жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

Жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін ретке келтіру керек, – деді Әлихан Смайылов.

Жиын соңында Үкімет басшысы СІМ-нің Қазақстанға ірі инвесторларды тартудағы үйлестіруші рөлін күшейтуді, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен Қазақстанның шет елдегі мекемелерінің жұмысын жандандыруды, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер деңгейінде қажет шешімдерді жедел қабылдауды талап етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама