Көкшетауға моңғолиялық кәсіпкерлер тобы келді
Тараптар екіжақты келісімшарттарға қол қойды
Көкшетауға моңғолиялық кәсіпкерлер тобы келді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, «Көкшетау минералды сулары» АҚ-да жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткен.
Қонақтар сусындар өндірісімен танысып, сондай-ақ «КМВ» ақ экспорттық әлеуетін дамыту және Моңғолияға Көкшетау өнімдерін жеткізу туралы келіссөздер жүргізді.
Кездесу аясында кәсіпорынның ерекше көзге түскен қызметкерлерін Көкшетау қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапаттау рәсімі өтті. Оларды қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шөкатова табыстады.
Сондай-ақ жиналғандардың алдында өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Мұсылманбек, «Global beverages» ЖШС-нің экспорт жөніндегі директоры Д. Сорокин және шетелдік делегацияның өкілі, Моңғолиядан келген кәсіпкер Айдын Байын сөз сөйледі.
Сол жерде жергілікті тауар өндірушілердің «Гормолзавод» ЖШС, «Бижан» ЖШС, «Алтынай» күнбағыс майын өндіру зауыты – «Asmur Agro Company», «Казрост Инжиниринг» және т.б. өнімдерінің көрмесі мен дәмін тату өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша «Көкшетау минералды сулары» АҚ өнімдерін Моңғолия нарығына жеткізуге келісімшартқа қол қойылды.