Halyq Uni логотип
×

Кәсіпорындардың 400 млн теңгеге жуық шығыны өтелді

Өтінімдердің басым бөлігі Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан келіп түсті.

 Динара Амантай 12.09.2023 | 14:13
Кәсіпорындардың 400 млн теңгеге жуық шығыны өтелді
Фото: Halyq Uni

Биылғы қаңтар-тамыз айларында отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының 395,5 млн теңге шығыны өтелді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, аталмыш кезеңде қазақстандық Qazindustry индустрия және экспорт орталығына 299 өтінім түскен. Оның ішінде еңбек өнімділігін арттыруға 196 және өнімдер мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге 103 өтінім түскен.

Өтінімдерді қараудың нәтижесінде бірінші бағыт, яғни еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша өтелген қаражаттың жалпы сомасы 388,4 млн теңге болды. Бұл бағыт бойынша өтінімдердің басым бөлігі Астана, Шымкент (40) және Алматы (26) қалаларынан түскен. Салалық бөліністе көбінесе машина жасау (49), тамақ және сусындар өндірісі (41) және жеңіл өнеркәсіп (28) кәсіпорындары осы бағыттағы өз шығындарының бір бөлігін өтеуге өтінімдер жіберген. Сонымен қатар, металл емес минералдық өнімдер шығаратын (23) және фармацевтикалық (17) кәсіпорындар да өтінім берген.

Екінші бағыт, яғни отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша орталыққа 103 өтінім түсті. Өтелген сома 7,1 млн теңге болды. Өтінім беру бойынша көшбасшы өңірлер Алматы қаласы (21) және Қарағанды облысы (15) болды. Салалық тұрғыдан алғанда, олар – жеңіл өнеркәсіп (41) және машина жасау (36) кәсіпорындары.

Сонымен қатар, есепті кезеңде QazIndustry мамандары мемлекеттік ынталандыру шараларының негізгі шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 300-ге жуық ауызша консультация және 14 арнайы іс-шара (ашық есік күндері, кәсіпорын өкілдерімен бастамашыл кездесулер) өткізіп, мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру бойынша конференциялар мен форумдарға қатысты. Сондай-ақ Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары мен Астана, Шымкент және Алматы қалаларында семинар-кеңестер ұйымдастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама