Соның салдарынан компанияның қор нарығы 2 күнде 200 млрд долларға жуық шығынға ұшырады
Қытай билігі өздерінің мемлекеттік қызметкерлеріне шетелде жасалған, атап айтқанда, iPhone телефондарын пайдалануға тыйым салды. Осыған байланысты Apple акциялары екі күнде 6% құлдырады.
BBC агенттігінің хабарлауынша, компанияның қор нарығы 2 күнде 200 миллиард долларға жуық шығынға ұшыраған.
Қытай – Apple компаниясының үшінші ірі нарығы. 2022 жылы қытайлық тұтынушылар компанияның жалпы кірісінің 18 пайызын қамтыған. Сондай-ақ Apple өнімдерінің басым көпшілігі Қытайда жасалады.
Шетелдік смартфондарға тыйым кезең-кезеңімен енгізілді. Алғашында бұл орталық мемлекеттік аппараттың шенеуніктеріне ғана қатысты еді. Сәрсенбі күні Wall Street Journal басылымы мемлекеттік қызметкерлерге iPhone телефондарын кеңсеге әкелуге және оларды жұмыс мақсатында пайдалануға тыйым салынғанын хабарлады.
Bloomberg басылымының мәліметінше, мұндай талап мемлекеттік компаниялар мен Үкімет қолдайтын мекемелердің қызметкерлеріне де қойылған.