×

Премьер-министр Қашағандағы зауыттардың құрылысын тез аяқтауды тапсырды

Сондай-ақ инвесторлармен еліміздің табиғатты қорғау заңнамасының сақталуы талқыланды

 Дастан Жұмабекұлы 09.09.2023 | 11:21
Фото: gov.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қашағанда газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа зауыттар құрылысын тездетуді тапсырды.  

Үкімет басшысы Қашаған консорциумына акционер компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Оған North Caspian Operating Company N.V. басқарушы директоры Оливье Лазар да қатысты.

Кездесуде консорциум қызметіндегі өзекті мәселелер, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және еліміздің табиғатты қорғау заңнамасының сақталуы талқыланды.

Үкімет басшысы елімізді мұнай-газ ресурстарымен қамтамасыз етуде Қашағанның рөлі маңызды екенін атап өтті. Бұл тек өндіру операцияларына ғана емес, сонымен бірге көмірсутек шикізатын кешенді өңдеуге де қатысты. Осыған байланысты мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру шеңберінде газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа зауыттардың құрылысын тездету қажеттігі айтылды.

Бұдан басқа, премьер-министрдің айтуынша, консорциумның негізгі міндеті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, кен орындарын толық игеру мәселелері болуға тиіс.

Біз Консорциумның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз, – деді Әлихан Смайылов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаларды іске асыруда туындайтын барлық мәселелерді Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген құқықтар мен міндеттерді сақтай отырып, сындарлы жолмен шешуге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесуге «ЭксонМобил Қазақстан» басқарушы директоры Сесиль Ролин, «CNPC Қазақстан Б.В.» бас директоры Сяндун Чжу, Қазақстандағы «Шелл» концернінің аға вице-президенті және басшысы Херман Бурмайстер, «TotalEnergies Қазақстан» бас директоры Фруде Юнес, «Аджип Каспиан Си б.в.» басқарушы директоры Маттео Тиси, Қазақстандағы «ИНПЕКС Норт Каспиан Си лтд» филиалының директоры Хироши Икеда және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылары қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама