Halyq Uni логотип
×

Ауылға газет тасу – шығын: «Қазпоштаның» қаржылық жағдайы мәз емес

Компания соңғы бес жылда «минусқа» кеткен

 Айнұр Шошаева 08.09.2023 | 17:11
Ауылға газет тасу – шығын: «Қазпоштаның» қаржылық жағдайы мәз емес
Коллаж: Halyq Uni

Жыл сайын Қазақстанда газеттер-журналдар және хатты жеткізу көлемі орта есеппен 17% төмендеп келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Қазақстан бойынша «Қазпоштаның» 2700-ден астам пошта бөлімшесі бар, Оның 2 мыңнан астам ауылдық жерде орналасқан. Сондай-ақ 130 серіктес нүкте мен 200-ден астам сәлемдеме супермаркеті бар. Бұл туралы «Самұрық Қазына» ҰӘҚ қоғамдық кеңесінде компанияның қызметін талқылау кезінде айтылды. 

2022 жылдың көлемі бойынша қарайтын болсақ, 66 млн газет-журнал жөнелтілді, оның 45 млн данасын біз ауылдарға жеткіздік. Бұл дегеніміз, ауылдардағы адамдар әлі де мерзімді басылымды оқиды. Себебі кейбір ауылдарда интернет жоқ, ақпарат көзі мерзімді басылымдар болып отыр. Ауылдық жерлердегі миллионға жуық клиент зейнетақы мен жәрдемақы алады. 2022 жылы оператор 3,5 млн бірлік жазбаша хат-хабар жеткізді, көлемі жыл сайын төмендеп келеді, бірақ соған қарамастан үлкен көлем бар, - деді компанияның басқарма төрағасы Әсел Жанасова. 

Оның мәліметінше, компания ауылдық елді-мекендердегі бөлімшелерді ұстауда шығынға батып отыр.  

Былтыр бұл бағыттағы шығын 15,4 млрд теңгені құрады. Осы орайда субсидия жыл сайын 2,5 млрд теңгені жабады. Бізде бұл қызмет толығымен субсидияланады деген пікір бар. Бірақ динамиканы қарасақ, жыл сайын сусбидия азайып келеді. Жыл сайын газеттер-журналдар және жазбаша хаттардың көлемі орта есеппен 17% төмендеп келеді, - деп толықтырды. 

Сондай-ақ оны көптеген қызметтер, әсіресе мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа ауысуына байланысты  болып отыр деп түсіндірді. 

Дегенмен бір газетті жеткізу үшін біз бәрібір сол көлікті жөнелтеміз, шығындар жыл сайын артып келеді. Бұл инфляцияға да байланысты. Әр бағыттың өзіндік құны бізге қымбатқа түседі. Тек шалғай ауылдар ғана емес, қалалар бойынша да шығын бар. Мәселен, қала бойынша газет-журналды жеткізу тарифін бізге 17 теңгеден төлейді. Бүгінгі күні жол жүру ақысы одан қымбат тұрады. 17 теңгені 10 теңгесін жеткізгені үшін пошташыға береміз, қалған 7 теңгесі компанияға қалады. Сондықтан бұл механизмді қайта қарау керек, - деді компания басшысы. 

Бұған қоса, ол компанияның қаржылық ахуалына тоқталды. Оның мәліметінше, соңғы 5 жылда пошта қаржылық қиындық көріп отыр. 

Теріс динамика сыртқы және ішкі факторларға байланысты болып отырғаны түсінікті. Мәселен, 2017 жылдан бері цифрлық банктер, курьерлік қызметтер пайда болып жатыр. Бұл біздің клиенттеріміздің басқа сервистерге өтеуіне әкеліп жатыр, - деді ол. 

Сонымен қатар осынша сын-қатерге қарамастан биыл 7 айда компанияның табысы өскенін атап өтті. 

Жеті айдың қорытындысы бойынша, компанияның табысы 43% өсті, бұл 14 млрд теңге. Бұл табысқа мерзімді басылым мен хат жеткізу, курьерлік қызметті көбейту арқылы қол жеткіздік. Сондай-ақ жүк тасымалына кедендік брокер қызметін іске қостық. Одан екі айда 450 млн теңгеге жуық қаржы таптық. Бұл бағытта зор әлеует барын көріп отырмыз. Сонымен қатар биыл Мәжілісте мемлекетті бағдарламаларды іске асыру кезінде «Қазпоштаның» банктік инфрақұрылын пайдалану туралы ұсыныс айтылған болатын. Осы ұсыныстың негізінде екі мемлекеттік бағдарлама аясында есеп айырысу қызметін көрсетіп, 8,7 млрд теңге табыс таптық, - деді төраға. 

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан бойынша пошта инфрақұрылымының тозуы 70%-ды құрайды, ал көлік паркі де 67% ескірген. Барлығы поштада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 5 мыңға жуық қызметкері 0,2 мөлшерлемемен істеп жүр. 

«Бүгінде әлем бойынша барлық пошта операторлары минусқа кетіп жұмыс істеп жатыр. Пошта арналары бәсекеге қабілетті емес. Amazon сияқты көптеген ірі ойыншылардың негізгі табысы халықаралық арна арқылы болған. Қазір жеке ойыншылар ол каналдарды алып жатыр. Біз жыл сайын газет-журналдарды жеткізу 17% төмендеп жатқанын көріп отырмыз. Менің ойымша, алдағы бес жылда халықтың көбі онлайн сервистерге көшеді деп ойлаймын. Біз оған дайын болуымыз керек. Осы ретте біз екі жолды көріп отырмыз, ол – мемлекетке қалалар мен ауылдарды, адамдар мен бизнесті байланыстыратын әлеуметтік серіктес болу. Сондай-ақ компанияны электронды коммерцияның қатысушыларына қаржылық-логистикалық серіктес ретінде көреміз. Бүгінде ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Жоба аясында ауылда тұратын азаматтарға кәсібін бастау үшін субсидия беріледі. «Қазпошта» оларды онлайн сату, біздің бөлімшелер арқылы жеткізуді үйрете алады», - деді Әсел Жанасова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама