Екіжақты тауар айналымы 15 млрд долларға жетті
Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тараптар машина жасау, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектор, білім беру және басқа да салалар бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Премьер-министр Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі үш сауда серіктесінің бірі екенін және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұрғанын атап өтті. Атап айтқанда, былтыр екіжақты тауар айналымы 55%-ға жуық артып, шамамен 15 млрд долларға жеткен еді.
Дегенмен тауар айналымын одан әрі арттыруға әлеуетіміз жеткілікті. Біз Италияға жалпы құны 900 млн доллардан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын жөнелтуге дайынбыз, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, Италия Еуропалық одақ елдері қатарынан Қазақстан экономикасының тұрақты ірі инвесторлар бестігіне кіреді. Соңғы 17 жылда жалпы тартылған инвестициялар көлемі 7,3 млрд долларға жетті. Былтырдың қорытындысы бойынша шамамен 2,5 есе өсіп, 300 млн долларға жуықтады.
Елдеріміз арасындағы инвестициялық өзара іс-қимыл жаңа бірлескен жобалармен нығая түсуде. Біз бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз, – деді премьер-министр.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов Италия елшілігінің Астанадағы жаңа кеңсесінің ашылуына қолдау білдірді. Бұл іскерлік байланыстарды орнатуға ауқымды үлес қосып, өзара сауданың дамуына тиімді әсер ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Антонио Таяни Италия Қазақстанмен жан-жақты, әсіресе сауда, энергетика және өнеркәсіп бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.
Біз Италияда бірлескен кәсіпорындарды, жаңа қазақстандық компанияларды ашуға дайынбыз. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін Іскерлік кеңес құруға ниеттіміз, – деді ол.
Сондай-ақ Антонио Таяни Италия Қазақстандағы сауда-саттыққа, оның ішінде киім өндірісіне қатысуын арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Алматыда жаңа итальяндық мәдениет институтын ашудың маңыздылығын атап өтті. Бұл екі ел арасында студенттер алмасуды арттыруға мүмкіндік береді.