Halyq Uni логотип
×

Еліміз электр қуатын импорттамауы керек – президент

Жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру жалғасады

 Дәурен Ерболат 01.09.2023 | 12:06
Еліміз электр қуатын импорттамауы керек – президент
фото: opennews.kz

Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттамауы керек. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болғанын еске салды.

Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы іске асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады, - деді президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміз электр энергиясын өзі толық өндіруі керек.

Қазақстан электр энергиясын импорттап, көрші елдерге тәуелді болмауға тиіс. Ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан қазір болып жатқан жағдайға жол беруге болмайды. Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру жалғасады. Гидроэлектростанциялардың дамуына ерекше назар аудару қажет.

Энергия, жылу және сумен жабдықтау біртұтас технологиялық өзара байланысты жүйе болып саналады. Оған экономиканың жеке маңызды саласы ретінде қарау керек. Қазіргі тәсіл негізінен тиімсіз. Бүгін жаңа шешімдер қажет», - деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама