Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда проблемалық несиесі бар қарыз алушылардың саны 1,5 миллионнан астам

Банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық несиені азайту үшін жеке жоспар құру туралы талап қойылды

 Айнұр Шошаева 11.05.2022 | 13:25
Қазақстанда проблемалық несиесі бар қарыз алушылардың саны 1,5 миллионнан астам
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда 6,2 млн жеке тұлғаның несиесі бар. Олардың 430 мыңға жуығы банктердің балансында, қалғаны микроқаржы ұйымдары мен банктердің балансынан тыс есепте тұр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

«Азаматтардың проблемалық кредиттері ұлғайып жатыр. Сол себептен әртүрлі шара қабылдап жатырмыз. Біріншіден, қарыздық жүктеме коэфиценті деген бар – бүгінде 50%. Банк немесе микроқаржы ұйымы несие берген кезде қарыз алушының табысын бағалауға міндетті. Егер кредит бойынша ай сайынғы төлем сомасы қарыз алушы кірісінің 50%-нан аспауға тиіс. Егер асып кетсе, онда банк немесе басқа қаржы ұйымының несие беруге құқығы жоқ», - деді ол.

Агенттік басшысының айтуынша, өткен жылы ведомство 128 мың келісім бойынша аталған тәртіптің сақталмағанын анықтап, қарыз алушыларға артығымен төлеген соманы қайтартқызған. Бұған қоса, микроқаржы ұйымдарының ставкасын реттеу бойынша бірталай жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, екі жыл бұрын барлық микроқаржы ұйымдарын реттеу периметріне енгізіп, олар үшін бірыңғай 56% мөлшерлеме орнатылды.

«Сонымен қатар, бізде онлайн кредиттеу сегменті бар. Онда кредиттер 50 АЕК-ке дейін беріледі, 150 мың теңгеге дейін бір жарым айға 25% мөлшерлемемен бере алады. Қазіргі біздің міндетіміз - микрокредиттерді, әсіресе онлайн кредиттерді басқа жылдық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерімен бірге бір реттегіш алаңға әкелу.  Яғни, бұл арбитражды пайыздық мөлшерлемелер бойынша алып тастау үшін 56% бірыңғай ставканы орнату. Халық берешегінің өсуінің негізгі проблемасы жоғары мөлшерлемемен байланысты. Екіншіден, бұл қарыз алушының кірісі шынымен бағаланбаған кезде және қарыз алушының кірісіне қарамастан несие берілген кезде туындайды», - деп қосты агенттік төрайымы.

Сонымен бірге спикер өткен жылы елімізде тұтынушылық несие қарқыны 40%-дан асқанын айтты.  Банктер үшін 56% мөлшерлемесі 2012 жылы белгілен. Қазір агенттік зерттеу жүргізіп, жаңа әдістеме әзірлеп жатыр.

«Қарыз алушының кредиттік тәуекелін тарту құнына, қаржы ұйымының операциялық шығыстарына байланысты мөлшерлемені белгілеуді ұсынамыз. Нәтижесінде жылдық сыйақы мөлшерлемесі де төмендеуге тиіс. Әсіресе, тұтынушылық несиелер бойынша. Біз оны 35-40% шамасында қалыптастыра аламыз. Бұл сыйақының шекті мөлшерлемесі болады. Банктер, әрине, төмен мөлшерлемелер бойынша несие бере алады. Қазір несиелер бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме шамамен 22% құрайды. Бірақ көбіне банктер комиссияларды, төлемдерді қолданады және нәтижесінде жылдық тиімді мөлшерлеме 56% дейін жетуі мүмкін», - деді Абылқасымова.

Қазақстанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынған. Бұған қоса, 1 қаңтарынан бастап несие мерзімі 90 күннен асса, сыйақы есептеуге тыйым салынған болатын.

«Соңғы жылдары проблемалық қарыз алушыларды анықтау бойынша көп жұмыс жүргізілді. Яғни, банк балансында проблемалық қарыз алушылар бар, банк балансынан тыс қарыз алушылар бар. Банктер проблемалық қарыз алушыларды белсенді түрде балансынан шығарды. Біз салыстырып, проблемалық қарыз алушылардың жалпы санын анықтадық. Біздің бағалауымыз бойынша, барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыз бен банктер коллекторларға сатқан қарыздарын ескердік. Елде 1,5 миллионға жуық қарыз алушының проблемалық несиесі бар», - деп қосты ол.

Оның айтунша, агенттік елдегі барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық несиені азайту үшін жеке жоспар құру туралы талап қойып отыр.

«Біз барлық банктерге, микрокредиттік ұйымдар мен коллекторларға осындай проблемалы қарыз алушыларды төмендету бойынша жеке жоспарды әзірлеу жөнінде талап қойдық. Яғни, олар осы қарыздарды қайта құрылымдау бойынша арнайы шаралар әзірлеуге тиіс. Бір жерде есептен шығару немесе егер бұл қарыздардың басым бөлігі өтелген болса кешіру... Қазақстанда 6,2 млн жеке тұлғаның кредиті бар. Оның ішнде банктердің балансында 430 мыңға жуық кредит алушы проблемалық несие болып саналады. Қалғандары микроқаржы ұйымдары, банктердің балансынан тыс есепте бірталай проблемалық кредит алушы бар», - деп қорытындылады сөзін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама