2024 жылы Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі 7,5 трлн теңгеге жетуі мүмкін
Үкімет жыл сайын Ұлттық қордан 2 трлн теңге алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысында 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы және «Қазақстанның Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы қаралды.
Министрдің айутынша, республикалық бюджет шығыстары 2024 жылғы 24 трлн теңге көлемінде болады деген болжам бар, яғни жалпы ішкі өнімнің 17,8%, 2026 жылы – 25,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14,6% болады.
«Қазақстанның Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы таныстырылып отыр.
Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген.
Осыны ескеріп, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге соммасында айқындалды, - деді министр Үкімет отырысында.
Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.
«Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескеріп, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68,0 млрд доллар, 2026 жылы 93,3 млрд доллар көлемінде болжанады.
Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Жоғарыда баяндалғанды ескеріп, 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, «Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасының және «Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» жарлыққа өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын», - деді министр.