Биыл жастарға 28,9 млрд теңге шағын несие беріледі

Динара Амантай

300 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері елімізде барлығы 303,3 мыңнан аса жас азамат жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атап айтқанда, президенттің «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасын іске асыру барысында 142,9 мың адам, ұлттық жобаларды іске асыру кезінде 80,9 мың адам, бос жұмыс орындарына 79,5 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар биыл жастар арасынан 35,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 18,7 мың ЖОО және ТжКБ түлегі игерген мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе жинау үшін жастар практикасына жіберілді. Бұған қоса 6,6 мың адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылып, одан әрі қарай тұрақты жұмысқа шықты.

Сондай-ақ Қазақстанда 5 жылға дейінгі мерзімге мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын шағын несие беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі.

2023-2025 жылдары барлығы 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың шағын несие беру қарастырылған. Атап айтқанда, 2023 жылы 28,9 млрд теңгеге 5,8 мың, 2024 жылы 30,3 млрд теңгеге 6,1 мың, 2025 жылы 31,3 млрд теңгеге 6,3 мың шағын несие беріледі. Жыл басынан бері 12,9 млрд теңге сомасына 2 915 шағын несие берілді.