Halyq Uni логотип
×

Елімізде ресейлік капиталдың қатысы бар компаниялар 70%-ға жеткен

Қазақстанда бизнес ашу ресейліктер үшін қиын емес, - дейді сауда өкілі Антон Логинов

 Еркеғали Болатұлы 27.08.2023 | 16:26
Елімізде ресейлік капиталдың қатысы бар компаниялар 70%-ға жеткен
фото: expert.ru

Қазақстандағы ресейлік капиталдың қатысуымен компаниялар саны бір жылда 70% өсіп отыр. Елде барлығы 18 мыңға жуық ресейлік орта және шағын бизнес субъектілері тіркелген. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Антон Логинов мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.

Қазақстандық ресми дереккөздердің мәліметінше, 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша елімізде 41 мыңнан астам шетелдік ұйым тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 38% көп. Олардың 18 мыңында ресейлік капитал (өткен кезеңмен салыстырғанда, +70%) бар. Негізінен бұл – шағын және орта бизнес. Ірі бизнестің үлесі 1 пайыздан аспайды, - деді Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландырудың жоғары деңгейін ескерсек, Қазақстанда бизнес ашу ресейліктер үшін қиын емес.

Резидент емес компаниялар үшін БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі) алудың барлық кезеңдерін аяқтауға қажетті орташа уақыт 5-7 жұмыс күні болады, - деп қосты Антон Логинов.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,2%, тауарлар өндірісі 3,2%, қызмет көрсету 2,6% өскен.

Сауда өкілдігінің айтуынша, бұл кезеңде ресейлік кәсіпорындардың үлесі әлі де айқын емес. Өйткені ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі аймен өлшенбейді, бірнеше жылға созылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама