Қазақстанда 15 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді

Динара Амантай

Қазір елімізде ШЖК пайдаланатын 1 мың 751 жұмыс беруші бар

Фото: Halyq Uni

Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 мың 702 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шетел жұмыс күшін (бұдан әрі ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 551 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 751 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар – 6 452 және 745 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 мың 970 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 мың 233 адам тартылды.

Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 мың 751 жұмыс беруші бар. Оларда 433,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 мың 181 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 мың 919 адам (13%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 мың 340 адам (9%), өңдеу өнеркәсібі – 1 мың 147 адам (8%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 829 адам (6%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 мың 768 адам (25,6%), Өзбекстан – 2 мың 16 адам (14%), Түркия – 1 мың 411 адам (9,5%). Үндістан – 1 мың 391 адам (9,4%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Биыл жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 мың 260 мөлшерінде белгіленді.