Биыл жыл соңына дейін сатылуы тиіс
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл–ауқат қоры» акционерлік қоғамы өзіне тиесілі «QAZAQ AIR» АҚ-ның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сататынын хабарлайды.
«Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру үшін, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылып отыр. Жекешелендіруді «Самұрық-Қазына» АҚ Қазақстандық Ұлттық әл-ауқат қоры атынан авиакомпанияның жалғыз акционері жүргізеді», – делінген компанияның хабарламасында.
Айта кетейік, QAZAQ AIR тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі. Әуе компаниясы IATA ресми мүшесі және IOSA халықаралық өндірістік қауіпсіздік стандарты бойынша сертификатталған. Оның әуе кемелеріне желілік қызмет көрсету бойынша сертификатталған станциясы және авиациялық оқу орталығы бар. Шекаралас елдерге халықаралық авиарейстерді қоса алғанда, Астана қаласында базасы бар хабтық маршруттық желіге қызмет көрсетеді. 2021-2022 жылдары әуе компаниясы Skytrax халықаралық рейтінгісі бойынша Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік үш өңірлік әуе компанисының қатарына енді.
QAZAQ AIR әуе компаниясының хабы – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы.
Активті жекешелендіру «Самұрық-Қазына» АҚ-ның активтерді бәсекелестік ортаға беру жөніндегі қағидаларына сәйкес ашық екі кезеңдік байқау әдісімен жүргізіледі.
Өтінімдер 2023 жылғы 28 қыркүйекке дейін қабылданады.
2015 жылы іргесі қаланған QAZAQ AIR жаңа әуе компаниясы 2022 жылдың қорытындысы бойынша операциялық пайдаға қол жеткізе отырып, Қазақстан Үкіметі бекіткен жекешелендіру жоспарына сәйкес QAZAQ AIR-ді биыл жыл соңына дейін жекешелендіру көзделіп отыр.