Арқаға асатын сөмкенің орташа бағасы 10 мың теңге
Жаңа оқу жылы қарсаңында сауда орындарында адам қарасы көбейген. Базарда балаларын мектепке дайындаудың қамына кірісіп кеткен ата-ананың қарасы басым.
5 тамыздан бастап қаланың барлық аудандарында балаларды мектепке дайындау үшін жәрмеңкелер өтіп жатыр.
Halyq Uni тілшісі астанадағы мектеп жәрмеңкелерінің біріне барып, бір баланы мектепке әзірлеуге қанша қаржы жұмсалатынын сұрап көрді. Астана әкімдігі мұндағы тауарлардың арзан бағада сатылатындығын айтқан.
Халық мектепке қажетті оқу-құрал жабдықтарының жылдан-жылға қымбаттап бара жатқанын айтады. Мәселен, арқаға асатын сөмкенің орташа бағасы 10 мың теңге.
10-сынып оқушысы Айару Әутәліп оқу-құрал жабдықтарының қымбаттап кеткенін айтып шағымданды. Қолындағы 5 мың теңгеге үш қалың дәптер мен бір дана күнделік қана алғанын айтады.
Ата-анам таңертең сіңлім екеумізге 5 мың теңге берген еді. Оған үш қалың дәптер мен күнделік қана ала алдым. Мына жәрмеңкеде жұқа дәптер 25 теңгеден басталады екен. Осы жерден басқа жерлерде 35 теңге, – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Ал немерелерін киіндіруге келген зейнеткер Ботагөз Алданова жәрмеңке тауарларының да бірте-бірте қымбаттап жатқанын, екі немересін қатар киіндіруге мүмкіндігі болмай тұрғанын жеткізді.
Өткен аптада келгенімізде мектепке ұстайтын рюказкты 4500 теңгеден алған еді, бүгін келсек қымбаттатып жіберіпті, – дейді ол.
Жәрмеңкеге келген ата-аналардың дені бір оқушыны мектепке дайындаудың оңайға тимей жатқанын атады. Олардың сөзінше бір балаға кемінде 100 мың теңге киім-кешек пен оқу-құралдарын алуға жұмсалатын көрінеді.