Halyq Uni логотип
×

«Еститін емес, қашатын үкімет». Ұлттық банк басшысы журналиске жауап беруден бас тартты

Сенат спикері Ұлттық банкке екі мандатты заңмен бекітіп беруді ұсынған еді

 Ербол Тұрымбет 05.05.2022 | 23:45
«Еститін емес, қашатын үкімет». Ұлттық банк басшысы журналиске жауап беруден бас тартты
Ғалымжан Пірматов, фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты.

5 мамырда Сенат отырысынан кейін журналистердің бірі Ұлттық банк басшысының Үкімет отырысына келмейтінін, тек онлайн режимде қатысатынын айтып, бірнеше сұраққа жауап беруін өтінді.

- Біз сізді жиі кездестіре бермейміз, сізге қоятын сұрағымыз көп?

- Оны қалай түсінуге болады? Сізді бөлек шақырайық. Біз 27 сәуірде ғана баспасөз мәслихатын өткіздік емес пе?

- Мәулен Әшімбаев Ұлттық банкке қос мандатты заңмен бекіту туралы ұсыныс жасады...

Ұлттық банк басшысы журналистің сұрағын елемей, Сенат спикерінің ұсынысына қатысты сауалын жауапсыз қалдырды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ұлттық банктің жоғары пайыздық мөлшерлемесіне қатысты сын айтты. Оның сөзінше, ел экономикасын несиелендіру деңгейі өте төмен. Бүгінде экономиканы несиелендіру көлемі ІЖӨ-нің шамамен 25% деңгейінде. Дамушы елдерде ол 60-70%. Сингапур, Корея, басқа да еуропалық елдерде 150%-ға дейін кеткен. 

Нәтижесінде біз шикізат есебінен экономика деңгейін ары кетсе 2-2,5% деңгейінде ғана өсіреміз. Сондықтан бізге Ұлттық банкке екі мандатты заңмен бекітіп беру керек пе? Яғни, біріншісі инфляцияны ұстау, екіншісі экономиканы дамытуға жауапты. Бізде Ұлттық банктің мойнында тек инфляцияны ұстау міндеті ғана тұр. Сондықтан бұл мәселені маусымда бөлек қарау керек шығар, – деді Сенат төрағасы. 

Еске салайық, Ғалымжан Пірматов Ұлттық банк төрағасы болып 2022 жылдың 3 ақпанында тағайындалды.

Ғалымжан Олжаұлы Пірматов 1972 жылы 24 сәуірде дүниеге келді. Новосібір мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген.

Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

2017-2021 жылдары «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ басқарма төрағасы болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама