Тоқаев ЕАЭО елдеріне бірлесіп микрочип шығаруды ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО елдерінде машина жасау саласына арналған микрочиптер шығару туралы ұсыныс айтты.
Президент цифрлық өнімдер мен электрон қызметтерге теңдессіз сұраныс үшінші жыл қатарынан жалғасып келе жатқанын атап өтті. Бұл ретте, оның айтуынша, эксклюзив және инновациялық-технологиялық шешімдер үшін ғана емес, сондай-ақ қарапайым цифрлық шығыс материалдары үшін де күрес жүріп жатыр.
Бүгінде әлемдік нарықта компьютерлік элементтер мен микрочиптердің жетіспеуінен машина жасауда жүйелі кідірістер байқалып отыр. Бұл біздің елдердің машина жасау саласына да әсер етеді. Осыған байланысты біздің үкіметтерге ғылыми-зерттеу институттарының көмегімен, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік элементтер шығару бойынша бірлескен кооперативті жобаларды пысықтауды ұсынамын, - деді Тоқаев ЖЭЕК отырысында.
Президент кәсіпорындардың сұранысын толығымен қанағаттандырып, болашақта экспортты жолға қоятын өндірістік база құру қажет екенін атап өтті.