Қазақстан сыртқы қарызын қалай азайтады – Жамаубаевтың жауабы

Айнұр Шошаева

Оның мөлшері тағы да артпақ

фото: ашық дереккөзден

Алдағы бес жылда еліміздің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге қатысты 28,1%-дан 31,3 % өседі деп күтіліп отыр. Бұл туралы бүгін сенатта Қазақстанның мемлекеттік қарыз мәселесін көтерген депутат Сұлтанбек Мәкежанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының көрсеткіштері мемлекеттік қарыздың одан әрі өсетінін көрсетіп отыр. Болжам бойынша, мемлекеттік қарыз алдағы бес жылда ЖІӨ-ге қатысты 28,1 %-дан 31,3 % өседі деп күтіліп отыр. Ал үкіметтің осы кезеңдегі қарызы 21,4  трлн теңгеден 32 трлн теңгеге, яғни 1,5 есе өседі деп болжануда. Сыртқы қарыздар бүкіл мемлекеттік қарыздың жартысындай ғана деп үкімет өзін сабырлықта ұстағанымен барлығымыздың басты міндетіміз тұрақты сыртқы қарыз мөлшерін азайту болып саналады», - деді Мәкежанов. 

Оның айтуынша, ағымдағы нақтылау кезінде бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 1,716 тлрн теңге сомасында сыртқы қарызды тарту жоспарланған. 

«Әлемдегі геосаяси жағдайды ескеріп, үкімет болашақта да қосымша қарыз алу саясатын одан әрі жалғастыратыны белгілі. Осыған байланысты бірнеше сұрақ: сыртқы қарыздарды азайту үшін қандай нақты шаралар бар? Екіншісі валюталық тәуелділікті азайтуды ескеріп, жұмсақ валютада сыртқы қарыз алу үшін қаншалықты мүмкіндік бар. Себебі үкімет бірнеше рет сыртқы қарыздарды жұмсақ валютада алынатыны туралы айтқан еді»,- деді сенатор премьер-министр орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа қойған сауалында. 

Ал Жамаубаевтың сөзінше, мемлекеттік қарыз бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін алынады. 

Биылғы божамда 3,3 % деңгейінде көзделген. Бірақ біз алдымызда тұрған бес жылда мұны 3%-тен төмен деңгейде ұстап отыруды болжап отырмыз. Сол кезде жалпы мемлекеттік қарыз өспейді. Егер мемлекеттік қарыздың өзіне келсек, қазір ЖІӨ шаққанда 25%-дан сәл төмен. Шекті лимиті 50%, әрине біз алдағы жылдары 30%-дан аспайды деп болжап отырмыз. Бұның ішінде сыртқы қарыздарға мән берсек, оның үлесі үштен бірін құрайды. Бұл да біздің қазіргі кезде тәуекелдерді дұрыс басқарылатын мөлшер деп есептеледі. Дегенмен де біз сыртқы қарызды әрі қарай көбейтуге жоспарымыз жоқ, - деді вице-премьер депутаттың сауалына берген жауабында. 

Бұған қоса ол бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі мүмкіндіктер толығымен пайдаланылатынын атап өтті. Ішкі нарықтағы инвестордардың әлеуетін толығымен пайдалану үшін үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, қысқа және ұзақ мерзімді қағаздарды ескеріп арнайы жоспар әзірлеген. 

«Соңғы жылдары шетелдік инвесторлардың біздің қор нарығына деген қызығушылығы артып келеді. Егер 2020 жылы ол 0,1% болса, қазір 3% дейін өсті. Бұл қыруар қаражат, яғни олардың қызығушылығы артқан сайын біздің ішкі қор нарығының мүмкіндігі де артады деген сөз. Ішкі қор нарығынан тартатын қаражаттардың көлемі де жоғары болады. Euroclear деген арнайы құнды қағаздар жүйесі бар. Сол жүйені Қазақстанға енгізбек ойымыз бар. Ол енгізілсе еуропалық, америкалық инвесторлардың ішкі нарыққа деген қызығушылығы арта береді», - деп толықтырды сөзін Ерұлан Жамаубаев. 

Депутат сауалын сенат спикері Мәулен Әшімбаев қолдап, пікірін қосты. Оның айтуынша, бюджет тапшылығы 3,3% деңгейде қалып отыр. 

«Біз осы бюджет шеңберінде тапшылықты сыртқы қаржыландыруын 640 млрд-қа арттырамыз. Сонымен бірге ішкі көздерді 780 млрд-қа төмендетеміз. Қарап отырсақ, бір жыл ішінде тапшылықты аз ғана жабамыз, іс жүзінде 2 миллиард доллар ғана. Бұдан сәл аз соманы шетелден кредит аламыз. Ел ішінде экономикаға қатысты проблемалар бар екені түсінікті. Бірақ бізде қаражат жоқ деп айту дұрыс емес, ішкі ресурстар бар. Мәселеге тартуға болатын ресуртсар туралы экономист сарапшылар растап отыр. Мәселен, заңды тұлғалардың қарыз алуы мүмкін. Осы нақтыланған бюджетте сыртқы көздерге ставка жасаудан гөрі бюджет тапшылығын жабу үшін ішкі көздерін көбірек пайдалану туралы айтып отырмыз. Бірақ біз сізден бюджет тапшылығын жабу үшін сыртқы қарыз алуды одан әрі азайту үшін дәйекті жұмыс күтеміз», – деп қорытындылады Әшімбаев.

АШМ сырттан алған 9 млн доллар қарызды жоя салған – сенат.