Елімізде экономиканы несиелендіру неге тым төмен – Ұлттық банк түсініктемесі
Экономиканы несиелендіру пайыздық мөлшерлемеге ғана қарап тұрған жоқ, дейді Пірматов
Сенат отырысында спикер Мәулен Әшімбаев Ұлттық банктің жоғары пайыздық мөлшерлемесіне қатысты сын айтты. Оның сөзінше, экономиканы тым мардымсыз несиелейміз. Бүгінде экономиканы несиелендіру көлемі ІЖӨ-нің шамамен 25% деңгейінде. Дамушы елдерде ол 60-70%. Сингапур, Корея, басқа да еуропалық елдерде 150%-ға дейін кеткен.
Біздің мұндай күйге түсуімізге жоғары пайыздық мөлшерлеме де үлес қосып отыр. Біз оны үкіметтің инфляцияны ұстау үшін басты құралы екенін түсініп отырмыз. Бірақ әрі қарай не болмақ? Егер сыртқы қауіптер әрі қарай да сақтала берсе, бұндай базалық мөлшерлемемен экономиканы дамыта алмаймыз ғой?, – дейді Әшімбаев.
Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылдан бері базалық мөлшерлемені жоғары пайызбен ұстап келеміз де екінші жағынан бюджет қаражаты есебінен шағын және орта бизнестің сол несиесін субсидиялаймыз. Бір ғана «Даму» бойынша алсақ, биыл соған 170 млрд теңге бөліп отырмыз. Басқа да ұқсас институттарда осы тектес жағдай. Ал ірі бизнес ҚДМ арқылы субсидия алады.
«Айналып келгенде, бұл тиісті мемлекеттік органдарға да, екінші деңгейлі банктерге де қолайлы болып тұр. Өйткені тәуекелге бармайды, жауапкершілігі аз. Нәтижесінде біз шикізат есебінен экономика деңгейін ары кетсе 2-2,5% деңгейінде ғана өсіреміз. Сондықтан бізге Ұлттық банкке екі мандатты заңмен бекітіп беру керек пе? Яғни, біріншісі инфляцияны ұстау, екіншісі экономиканы дамытуға жауапкершілік. Бізде тек инфляцияны ұстау ғана ҰБ-тің мойнында. Сондықтан бұл мәселені маусымда бөлек қарау керек шығар», – деді спикер.
Алайда Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтің бұған қатысты өз айтары бар екен. Бірақ ол бұл тақырыпта депутаттармен таласқа түскісі келмейтінін бірден айтты. Дегенмен бәрібір өз ойын ортаға салды.
Оның пікірінше, Ұлттық банк пен үкімет инфляцияны ұстап тұра алатындай қазақстандықтардың үмітін ақтаса, сол кезде ұзақ мерзімді тұрақты дамуға жағдай туады. Одан басқа жол жоқ.
Экономиканы несиелендіру пайыздық мөлшерлемеге ғана қарап тұрған жоқ. Тіпті, қазір біз базалық мөлшерлемені төмендеткеннің өзінде, қазіргідей инфляция деңгейінде банктер коммерциялық жобаларды бәрібір қаржыландырмайды. Сол үшін бізге түбегейлі реформалар керек. Біздің экономика импортқа, соның ішінде азық-түлік импортына тәуелді. Өкінішке қарай, сыртқы маусымдық әсерлерге байланғанбыз. Осыны бірге еңсермейінше, Ұлттық банктің мандатын арттыру экономика өсімін арттыруға көмектеспейді, – деді Пірматов.
Соның сөзінше, Ұлттық банк онсыз да соңғы 3-4 жылда осымен айналысып келеді. Экономиканы қолдау бағдарламаларына қатысып жүр. Қазір енді осыдан жайлап кете бастаған.
«Біздің ұстаным – біз несиелерді мемлекет есебінен субсидиялауды доғарып, қаражатты коммерциялық бағытқа бұруымыз керек. Жеке секторды қолдап, жекеменшік бастамаларды қаржыландыруымыз қажет. Қысқаша айтқанда осылай», – деді ҰБ төрағасы.