Астанада Қазақстан – Ауғанстан іскерлік форумы өтіп жатыр
Ауғанстан үкіметі Қазақстаннан өз өнімдерін экспорттауға жеңілдікті тариф, бидай мен ұнға арнайы жеңілдік сұрап отыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан бизнес-форум барысында айтылды, деп хабарлайды Halyq uni.
Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Әл-қажы Нұраддин Азизи Астанада өтіп жатқан бизнес-форумда қазақстандық инвесторларды ауған еліне инвестиция салуға шақырды.
Ауғанстан қысқа мерзімде ондаған отандық тауар өндірісінің арқасында өзін-өзі қамтамасыз етуге көшті. Бұдан басқа, өнеркәсіп өнімдеріміз көбейіп, өндіріс өсіп келеді. Еліміздің өнеркәсібін қолдау мақсатында Қазақстанға экспортталатын Ауғанстан тауарларына жеңілдікті тарифті қолдануды сұраймыз. Сондай-ақ Ауғанстан халқы мен жеке секторын қолдау мақсатында Қазақстаннан Ауғанстанға импортталатын бидай мен ұн бағасына арнайы жеңілдіктер беруді сұраймыз, - деді Әл-қажы Нұраддин Азизи.
Сондай-ақ ол аз уақыт ішінде Ауғанстан сауда, транзит және инвестицияларды қоса алғанда, әртүрлі салаларда екіжақты және өңірлік өзара іс-қимылға белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты іскерлік қатынастар орнату және сауда мен инвестицияларды тиімді дамыту мүмкіндіктерін пайдалану үшін Қазақстанның кәсіпкерлері мен инвесторларын Ауғанстандағы іскерлік кездесулер мен сауда көрмелеріне шақырды.
«Ауғанстанның өңірдегі маңызды өндірістік орталықтардың бірі болуға мүмкіндігі бар. Ауғанстан Ислам Әмірлігі шетелдік инвесторларға, әсіресе Қазақстан Республикасының кәсіпкерлеріне қаже жағдай жасауға дайын. Кейбір экономикалық және саяси проблемаларға қарамастан, біздің елде пайдалы қазбаларды өндіру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету саласында нақты және практикалық инвестициялық мүмкіндіктер бар. Қазақстан Республикасының инвесторларын Ауғанстанның өздерін қызықтыратын салаларына инвестиция салуға шақырамыз», - деді Азизи.
Бұған қоса, форумға қатысқан ауған тарапы Қазақстанмен әуе дәлізін құру, екі елдің аумағында банктерінің өкілдіктерін ашу, кәсіпкерлер үшін виза беру пункттерін құру, елімізге жүк тасымалдау мерзімдерін қысқарту және сауда мен транзит үшін кедергілерді жою мәселесін көтерді.
Форум аясында ауған өндірушілерінің екі күндік көрмесі ашылды. Оған 350 кәсіпкер өз өнімін алып келген. Негізінен кілем, газдалған сусындар, табиғи бағалы тастар, көкөністер, жеміс-жидектер мен запырангүл шайы, ауған қазаны, кондитерлік және фармацевтикалық өнімдері ұсынылды.
Мәселен, «Омран Насимзаде» компаниясының жетекшісі Рафи Насимзаде астаналықтарға сатамын деп 70 кілем алып келген. Бағасы 150 доллардан бастап 3-4 мың долларға дейін жетеді.
«Бір кілемді тоқуға кемінде 1-2 ай уақыт кетеді. Мәселен, мына кілем екі ай тоқылды. Бір кілемді жасау үшін 6 ай еңбектендік. Үлкен кілемді тоқуға бір жыл уақыт жұмсайтын кездер болады. Кілем тоқумен төрт адам айналысады. Біздің кілемдеріміздің дизайны ерекше, әдемі әрі анар, көк реңктермен тоқылған ол көтеріңкі көңіл күй сыйлайды», - деді ол.
Айтуынша, өнімдерін Иран, Үндістанға экспорттайды. Қажетті шикізат өз елдерінде жеткілікті.
«Компаниямыз 50 жылдан бері сапалы кілем тоқумен айналысады. Қажетті шикізат жеткілікті, қойдың жүнінен тоқимыз. Бұған дейін Қазақстанға өнімдерімізді сатқан емеспіз. Екі ел келісімге келсе, сауда айналымы артады деп үміттенеміз», - деп қосты кәсіпкер.
Көрме ашылған сәтте келушілер запырангүл шайының дәмін татуға асықты. Ауған кәсіпкері Аман Кохи Қазақстанға 130 қорап запырангүл шайын алып келген.
Компаниямыз запырангүл өндірумен айналысады. Көрмеге өнімдерімізді таныстырайық деп шектеулі мөлшерде әкелдік. Көптеген жергілікті кәсіпкер келіп, өніммен танысып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше кәсіпкер келісім жасауға әзір. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Ұсыныс болса, форумды пайдаланып барлық ұсынысты қарастыруға әзірмін, - деді ол.
Көрмеде қойылған тауарлардың ішінде газдалған тәтті сусындар мен энергетикалық сусын көп.
Бізде жеміс-жидек өте көп. Шекараның жабылған кезде өнімдерімізді сыртқа шығара алмай, бұзылып кеткен кездер жиі болды. Соның нәтижесінде шырын мен сусындарды өндірісі қарқынды дами бастады. Бүгінде ауған сусындарын Шымкентте сатылып жатыр. Бүгін бірнеше кәсіпкер келіп, келісім жасау туралы ұсыныс айтты, - дейді ауған өндірушілері.
Айта кетейік, іскерлік форумы аясында екі ел жалпы сомасы 190,8 млн долларға жуық экспорт келісімшарына қол қойылды. Ауыл шаруашылығы өнімдері, ұн мен өсімдік майын жеткізуге барлығы 15 шарт, сондай-ақ майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (Қазақстан) мен Май дилерлерінің Балх одағы (Ауғанстан) арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бүгінде Ауғанстан қазақстандық өсімдік майының ең ірі импорттаушыларының бестігіне кіреді.
Еске сала кетейік, Астанада Қазақстан – Ауғанстан іскерлік форумы басталды. Форумның ашылуында вице-премьер Серік Жұманғарин Ауғанстан нарығы Қазақстанға не үшін қажет екенін айтты.