Halyq Uni логотип
×

Серік Жұманғарин Ауғанстаннан келетін студенттердің санын көбейтуді ұсынды

2005 жылдан бастап Ауғанстаннан инвестиция көлемі шамамен 11,7 млн долларды құрады

 Халық үні 03.08.2023 | 09:29
Серік Жұманғарин Ауғанстаннан келетін студенттердің санын көбейтуді ұсынды
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Астанада премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Алхадж Нұриддин Азизи ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады.

Серік Жұманғарин сәуірде Кабулға сапары кезінде тараптар елдер арасындағы тауар айналымының көлемін 1 млрд доллардан 3 млрд долларға дейін ұлғайту міндетін қойғанын айтты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ауғанстанға жөнелтілетін қазақстандық экспорттың 90%-ы өңделген өнім. Қазірдің өзінде біз сауда номенклатурасының кеңейгенін байқаймыз. Ұн мен бидай сияқты дәстүрлі өнімдерден басқа отандық металды, минералды тыңайтқыштарды, бидай мен зығырды жеткізу басталды. Қазақстандық компаниялардың Кабулға соңғы сапарының қорытындысы бойынша біздің энергетикалық сусындарымыз, ұн өнімдері, минералды тыңайтқыштардың алғашқы жөнелтілімі болды, күнбағыс майына да қызығушылық бар. Ауғанстаннан импортта ауылшаруашылық өнімдерімен қатар тоқыма бұйымдары пайда болды. Белсенділік танытатын  жұмыс бағытымыз бар, - деді Серік Жұманғарин.

Ынтымақтастықты жандандыру үшін ауған тарапына Герат қаласындағы Қазақстанның сауда үйінің әлеуетін пайдалану және Қазақстанда өзінің сауда өкілдігін ашу ұсынылды.

Ауғанстанға тауарларымыздың экспортын ұлғайту үшін біз Түркіменстан аумағы арқылы баламалы және неғұрлым тиімді бағытты пысықтап жатырмыз. Біздің теміржол компаниямыз Тургундидің түрікмен-ауған өткелі арқылы Түркіменстан аумағы бойынша транзиттік тарифке қолда бар 30%-ға 10% мөлшерінде қосымша жеңілдіктер беру мәселесін пысықтады, - деп жалғастырды Серік Жұманғарин.

Қазір Трансауған бағытында жүктерді тасымалдау режимі жеңілдетілді. Алайда осы бағытты пайдаланудың проблемалық аспектілерінің бірі – сусымалы жүктерді тасымалдаудың жоғары құны. Осы бағыт бойынша жеткізілім көлемін ұлғайтудың өзара пайдасын ескере отырып, кездесуде қазақстандық тарап ауған тарапынан қазақстандық сусымалы жүктерге тарифтерді 200 долларға дейін төмендету мәселесін қарастыруды сұрады.

Қазақстан мен Ауғанстан білім беру бағытында да ынтымақтасады. Қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ауғанстанның 130 студенті білім алып жатыр. Жыл сайын оқуға 30 адам қабылданады. Серік Жұманғарин қызығушылық танытқан жағдайда Қазақстанда Ауғанстаннан келген студенттердің санын көбейтуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама