Тараптар мақта егуге арналған жер бөлу мәселесін талқылап, келісім жасады
Қытайлық инвесторлар Түркістан облысында мақта егуге ниетті. Бұл жөнінде өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қытайлық компанияның жетекшілерімен кездесуі кезінде айтылды.
Қазір бұл инвесторлар көрші Өзбекстанда бірқатар ірі жобаларды сәтті іске асырып жатыр. Ал Түркістанға арналған жобаның құны – 46 млн доллар төңірегінде.
Мақта өсіруде қытайлық заманауи технологиялар енгізілетін болады. Мамандар оны өндіріс көлемін едәуір арттыруға сеп болады деп отыр. Бүгін тараптар мақта егуге арналған жер бөлу мәселесін талқылап, келісім жасады.
Сонымен қатар қытайлық компания Түркістан облысында былғары өңдеу және ірі қара мал қалдықтарынан желатин өндіретін зауыт салуға да дайын. Бұл бизнес-жоспардың құны – 10 млн доллар.
Сіздердің Сырдария облысында бастаған жұмыстарыңызбен жеке барып таныстым. Сол жердегі өндірістің барлығын қарап, танысып шыққанмын. Енді өздеріңізбен әрі қарай жобаларды іске асырып, жұмыс істесек, сол екі елдің қарым-қатынасына қосқан үлес болады, - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.