×

Алдағы 4 жылда бюджет шығындарын майнинг арқылы толтыруға болады - Мұхтар Жәкішев

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-басшысы криптоиндустрияны ел экономикасы үшін тиімді сала деп есептейді

 Қымбат Елтайқызы 03.05.2022 | 15:46
Коллаж: Kazakh24.info

Ресейге қарсы санкциялар салдарынан Қазақстанның экспорттық табысы қысқарады. Шығындардың орнын тәркіленген құрал-жабдықтардан жасалған майнинг фермаларын іске қосу арқылы толтыруға болады. Бұл мемлекеттік қазынаны жыл сайын 600 млн долларға толтыруға мүмкіндік береді. Бұндай ұсынысты SHANYRAQ бизнес-форумы алаңында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК экс-президенті Мұхтар Жәкішев айтты.

Ресейге қарсы санкциялар кезінде тұтынушы елдерге экспорттық шикізат жеткізу қиындағандықтан Қазақстан экспорттық табыстан айырылып отыр. Қазақстандық экспорттың басым бөлігі Ресей инфрақұрылымдары арқылы жеткізіліп келген. Енді солтүстік көршінің теңіз порттарына жүктерді қабылдау үшін шетелдік кемелер кірмейді. Ресей кемелеріне де шетелдік порттарға жол ашық емес. Өнімдерді балама жолдар арқылы жеткізу қымбатқа түседі. Бұл, әрине, республиканың экспорттық табысына зиянын тигізеді. Мұхтар Жәкішевтің пікірінше, алдағы төрт жылда бюджет шығындарын майнинг арқылы толтыруға болады.

«Біздің дәстүрлі тасымалдау жолдарымыз шектелді. Оның орнын қалай алмастыруға болады? Алдағы төрт жылда майнингпен, яғни биткоин майнингі арқылы толтыруға болады. Бұл кем дегенде 600 млн доллар экспорттық табыс береді. Бұл - осы тығырықтан шығатын жол», - деді Мұхтар Жәкішев.

Қазақстан «сұр майнерлерден» тәркіленген компаниялардың жабдықтары есебінен майнинг жүргізе алады. Оның айтуынша, бұған қоса фермалардың жұмысын реттейтін жаңа ұлттық компания құруға болады.

«Бұл ұлттық компания аса ашық болады. Себебі биткоинды ұрлау мүмкін емес. Біз осы ферманың барлығы іске қосып, қазынашылықта әмиян ашамыз. Ешбір «ағатай» ештеңе ұрлай алмайды. Міне - электр энергиясы, міне - биткоин», - деді Мұхтар Жәкішев.

Спикердің есебінше, егер тәркіленген фермалардың жабдықтарын түгел іске қосса, онда бір жылда одан 600 млн доллар табыс табуға болады.

«Фермалар дайын, оларды электр энергиясына қосыңыздар. Ертең сіздер осы ақшаны таба аласыздар. Тек майнинг туралы заңдар қабылдаңыздар, осы квазимемлекеттік компанияны құру бойынша ұйымдастыру құрылымдарын жасаңыздар. Кімнің қанша биткоин шығарғанын әр қазақстандық тексере алады. Ол жерден ештеңе ұрлау мүмкін емес», - деді ұлттық компанияның экс-президенті.

Бұл ретте, тәркіленген құрал-жабдықтар төрт жылға дейін ғана жарайтынын ескеру қажет. Себебі машиналар кезең сайын жаңарып тұрады.

Бұдан бөлек, Мұхтар Жәкішев Қазақстанда заң аясында жұмыс істейтін «ақ вайнерлердің» барына тоқталды.

«Олардың биткоинның экспорттық табысынан мемлекетке қаншасын бере алатынын өздерімен отырып талқылау керек. «Ақ майнерлерге» қатысты жағдай басқаша. Олар осы бизнесте жүр. Олар тапқан табысына жаңа машиналар сатып алуға тиіс, төрт жылдан кейін жаңартуы керек», - деді Мұхтар Жәкішев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама