Көрші елден заңсыз тауарлар легі азаймай тұр
Қырғызстанмен өзара саудада көлеңкелі тауар айналымын азайту бойынша жұмыс тұрақты жүріп жатыр.
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қырғызстан тарапынан тасымалданатын жүктерге электронды шот-фактуралардың болуын қамтамасыз ету бойынша қол жеткізілген келісімдер экспортталатын тауарларды көлеңкеден шығаруға және соның салдарынан мемлекеттік кірістер комитетінің бақылау шараларын әлсіретуге бағытталған. Бұл ретте, Қырғызстанның сыртқы экономикалық қызметінің жосықсыз қатысушылары қол жеткізілген уағдаластықтарды пайдаланып, Қазақстанға декларацияланбаған, контрафактілік жүктерді әкелу үшін өздерінің сұр схемаларын қолданады.
Мысалы, 2022 жылғы 28 сәуірде Қырғызстаннан келе жатқан жүк көлігінен салық тексеруі кезінде Беларусьтің 1,1 млн жалған акциздік маркасы анықталды. Қылмыстық құқық бұзушылықтың болуына байланысты бұл іс бойынша материалдар Жамбыл облысының экономикалық тергеу департаментіне жіберілді. Сондай-ақ аталған көліктен екі мыңнан астам декларацияланбаған тауарлар (бейнебақылау жүйесі, киім-кешек және спорттық құрал-жабдықтар) табылды, – дейді комитет.
Бақылауды әлсірету салдарынан заң бұзушылықтар айтарлықтай өсті және Қазақстан арқылы Ресейге транзитпен өтуге тиісті майнинг құрал-жабдықтары мен электронды темекілерді заңсыз әкелу фактілері жиілей түскен. Биылғы сәуірде майнинг құрал-жабдықтары бойынша жалған транзиттің алты фактісі анықталды. Яғни, транзит деп мәлімделген тауарлар Қазақстан аумағында қалған. Кәсіпкерлік субъектілерінің мұндай әрекеттері ЕАЭО-дағы серіктес елдердің бюджетіне зиян келтіреді. Сондықтан бақылау күшеймек.