Бас прокуратура мемлекетке 165 млрд теңгеге залал келтірген қылмыстарды атады
Ведомство арнайы тексеру нәтижесін жариялады
Мемлекетке 165 млрд теңгеге залал келтірген кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері анықталды. Бұл туралы бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бас прокуратура кеден саласында тексерулер жүргізді. Нәтижесінде, мемлекетке 165 млрд теңгеге залал келтірген кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері анықталды, – деді Дүйсембай.
Оның айтуынша, тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі орын алған. Кәсіпкерлер салықтан жалтаруы үшін уәкілетті экономикалық операторлар соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған шот-фактуралар жасаған. Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды. Мысалы, GROUP OF THE COMPANIES TDA компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Аталмыш компания директоры қамауға алынды.
«Сондай-ақ кеден саласындағы жұмыскерлер өз қызметін лайықты орындамаған. Атап айтқанда, 27 қаңтарда «Нұр жолы» кеден бекетінің маманы Мошканов «Берекет Логистик» компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 кг деп көрсеткен. Алайда прокурорлар жүкті қайта тексерген кезде декларацияланбаған тауар салмағы 22 тонна екенін анықтаған. Ол тауарлардың құны 127 миллион теңгені құраған», – делінген мағлұматта.
Бұдан бөлек ақпараттық жүйелерде деректі заңсыз өзгерту салдарынан 9 импорттаушы бюджетке 143 млн теңге шығын келтірген. Бұл іске Алматылық мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар. «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың доллар көлемінде, ал Cargo Management операторының өкілі 30 мың доллар көлемінде пара берген. Алайда прокуратура қызметкері олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, арнайы шаралар жүргізу кезінде пара берушілердің әрекетін әшкерелеген.
«Жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Кедендік реттеу саласындағы проблемаларды жою үшін үкіметке прокурорлық қадағалау актісі енгізілді», – деп түйіндеді ресми өкіл.