Ал активтері мен міндеттемелері арасында 20 млрд теңге тапшылық бар
«Жасыл даму» АҚ-ның жылдық есебінде «ӨКМ операторы» ЖШС-нен 222,7 млрд теңге жинағымен бірге, 242,8 млрд теңге міндеттемесін де қабылдап алғаны айтылады. Яғни, активтер мен міндеттемелер арасындағы айырмашылық 20 млрд теңге қарыз көрсетіп тұр.
Компания мәліметінше, бұл 242,8 млрд теңге өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін (ӨКМ) орындау жөніндегі міндеттемесі.
«ӨКМ Операторы» ЖШС (2016-2021 жж.) қызметі кезеңінде кәдеге жарату төлемінен КТС (корпоративтік табыс салығы) төлеу нәтижесінде қаржы-қаражат пен міндеттемелер арасындағы 20 млрд теңге көлемінде кассалық айырмашылық болды. Оператордың шығыны сол мөлшермен есептелген, – дейді «Жасыл даму» АҚ берген жауабында.
Яғни, оның ішінде қарыз қаражаты жоқ, тек кәдеге жарату төлемінен түсетін қаражы мен қаражатты орналастырудан түсетін пайыздық кіріс қана. «Жасыл даму» АҚ активтер мен міндеттердің құқықтық мирасқоры болып танылғандықтан, міндеттемелерді толық көлемде өтеуді мойнына алған.
Сондықтан, ол мiндеттемелердің бөлiнген қаражат мөлшерiнде орындалатынын мәлімдеді. Егер қаражат қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу немесе жою шараларын ұйымдастыруға бөлінсе, онда көзделген мақсат орындалған болып, ӨКМ міндеттемелері азаяды.
Айта кетейік, Үкімет қаулысымен 19 қаңтарда мемлекет меншігіне өткен еді. Сөйтіп, оның қызметін «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды.
Сонымен қатар, бұған дейін Үкімет қаулысымен «Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қорына» 160 млрд теңге қарыз берілді. Оның 100 млрд теңгесі отандық автомобильдерді жылдық 4%-бен несиеге сатып алуына арналған. Тағы 30 млрд-ы 1%-бен автобустардың лизингіне және бір 30 млрд теңгесі шаруаларға трактор мен ауыл шаруашылығы машиналарын 6%-бен сатып алуына берілді.