Компания былтыр 40,35 млрд теңге таза пайда тапты
2022 жылы «Kcell» АҚ басқарма мүшелері жалпы сомасы 819,07 млн жалақы мен бонус алды. Бұл сомадан салық пен әлеуметтік төлемдер шегеріледі. Бұл туралы компанияның қаржылық есебінде көрсетілген.
2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ұялы байланыс операторының атқарушы органына алты адам кірді, оның бесеуі 2022 жылы ғана мүше болды. Бұл басқарма төрағасы, бас атқарушы директор Асхат Өзбеков, ол өз міндетіне 2022 жылдың мамырында кіріскен. Басқарма мүшелері:
Азамат Үйсімбаев, корпоративті мәселелермен айналысады – 2022 жылдың сәуір айынан бастап;
Кирилл Страшенко, бас техникалық директор – 2022 жылдың маусымынан бастап;
Данияр Ибраев, қауіпсіздік мәселесі – 2022 жылдың маусымынан бастап;
Мәлік Амардинов, цифрлық даму мәселесі – 2022 жылдың қыркүйегінен бастап;
Мария Аверченко, бас коммерциялық директор – 2021 жылдың сәуірінен бастап жұмыс істейді.
Сонымен қатар, 2022 жылдың сәуіріне дейін Севил Гасанова (құқық мәселесі) мен Асқар Есеркегенов (бас техникалық директор), желтоқсанға дейін Дина Нұрпейісова (қаржы мәселесі) басқарма мүшелері болды. Мамырдан қыркүйекке дейін Юрий Харламов басқарма төрағасының орынбасары, бас операциялық директор қызметін атқарды.
Осылайша, жыл ішінде болған өзгерістерді ескере отырып, «Кселл» АҚ басқармасының құрамына 2022 жылы он адам кірді. 819,07 миллион теңге он адамға әрқайсысының қызмет атқарған уақыты бойынша төленді.
2021 жылы ұялы байланыс операторының басқарма мүшелеріне жалпы сомасы 633,58 млн теңге (салық төлегенге дейін) төленді. Бұл сомаға жалақы мен бонус кіреді. 2021 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша басқарма құрамына бес адам кірді, бір жыл ішінде барлығы жеті адам болды.
Компанияның шоғырландырылған қаржылық есебіне сәйкес, 2022 жылдың соңында компания 40,35 миллиард теңге таза пайда алды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша абоненттік база 7 млн 986 мың болды.
«Kcell» АҚ «Қазақтелеком» тобына кіреді. 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша акционерлер: Қазақтелеком (51% үлес), Pioneer Technologies S.A.R.L. (14,87%), Jusan Bank (9,08%), БЖЗҚ (7,06%).
Ал Қазақтелекомның 52%-ы Самұрық-Қазынаға, 28,81%-ы Мемлекеттік кірістер комитетіне тиесілі.