Ведомство 19 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғады
Қазақстанда көмірді бөлшектеп, үлестес делдалдар арқылы сату практикасын қолдану жалғасып жатыр. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Қазір көмір өндіруші компаниялар биржалық сауда-саттықты пайдаланады. Онда олар отынның үлкен көлемін (3 миллион тоннаға дейін немесе жылдық жеткізілім көлемінің 71%-на дейін) жеткізушілерге бірнеше минут ішінде сатады.
Бұл мәмілелер көмірді төлеумен де, жөнелтумен де қамтамасыз етілмейді, сондай-ақ мұндай делдалдардың тиісті инфрақұрылымы (қоймалар, тиеу-түсіру техникасы және басқалар) болмайды. Бұдан әрі делдалдар көмірді 100%-ға дейін жететін үстеме ақымен сатады, – делінген ведомство хабарламасында.
Былтыр жыл соңында «Халық Көмір» ЖШС «Каспий» ТБ» АҚ тауар биржасы арқылы «Қаражыра» АҚ-ынан 120 мың тонна көмір сатып алған. Бағасы – әр тоннасына 6,5 мың теңгеден. Бірақ делдалдың өзі сол көмірді 2 есе қымбатқа сатып, тоннасына 12 595 теңгеден ұсынған.
Агенттік өкілдері көмір нарығындағы бәсекелестікті дамыту бойынша жол картасын қабылдағандарын хабарлады. Бұл құжат қажетті инфрақұрылымы бар көмір тұйықтарына сатылатын биржалық сауда-саттық үлесінің кемінде 50%-ға дейін өсуін қарастырады.
2022 жылы тауар биржалары туралы заңнаманың бұзылуына байланысты БҚА 19 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғады, 6 тауар биржасы таратылды, оның төртеуі тексеру алдында ерікті негізде және екеуі сот шешімі бойынша тарады, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, биыл мамыр айының соңында Қазақстаннан көмір әкетуге тыйым салынған болатын.