Halyq Uni логотип
×

Криптовалютаны заңды түрде қай жерден сатып алуға болады?

Сарапшы лицензиясы жоқ криптобиржаларға инвестиция салмауды ескертеді

 Бауыржан Мұқанов 17.07.2023 | 13:29
Криптовалютаны заңды түрде қай жерден сатып алуға болады?
Фото: Halyq Uni

Жыл басында, 6 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Заң мәтініне қарасақ, цифрлық актив «цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік» деп көрсетілген. Осы орайда, цифрлық активтер, соның ішінде криптовалюта айналымы, оның саудасы қалай жүзеге асырылатынын «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржы нарығын реттеу комитетінің бас маманы Али-би Алтай түсіндіріп берген еді.

«Цифрлық актив ақша болып саналмайды. Ол – қаржылық өнім және құнды қағаздар секілді инвестиция құралы», деп, цифрлық активтердің алғаш 2015-2016 жылдардан бастап белсенді түрде реттеле бастағанын тілге тиек етті.

Атап айтқанда, Сингапур, Еуроодақ, АҚШ, БАӘ елдері алғаш болып цифрлық активтерді реттей бастады. Кей елдер мұндай активтердің айналымын мүлде тыйып тастаса, кей елдер шектеді, ал кей елдер проактивті сынап көріп, содан кейін ғана реттей бастады. Соңғылардың қатарында Қазақстан да бар, – дейді Али-би Алтай.

Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында лицензияланған 8-9 криптобиржа жұмыс істейді. Соның ішінде 5 криптобиржа қазақстандық екінші деңгейлі банктермен бірлесіп пилоттық жобаны іске асырып жатыр.

Али-би Алтайдың айтуынша, АХҚО алаңындағы криптобиржалар арқылы кез келген азамат инвестиция сала алады.

Кез келген жеке немесе кәсіби инвестор қаражат сала алады. Алайда, жеке азаматтардың тиісті білім деңгейі болмау ықтималдығын ескере отырып, инвестициялау шегі ай сайын 1 мың доллармен шектелген, – деп қосты Али-би Алтай.

Сонымен қатар, оның сөзіне сүйенсек, АХҚО алаңында жасалған криптовалюта операциясын құзіретті органдар бақылай алады.

Цифрлық активтердің өзі инновациялық жаңа өнім. Әр мемлекет, әрбір реттеуші оны қадағалау үшін одан да жаңа инновациялық өнім шығарады. Соның бір мысалы QYT, Chain Analysis, Coinbase провайдерлері арқылы әр транзакцияны тексеруге болады. Себебі блокчейн дегеніміз блоктардың жиынтығынан тұрады. Ал оның жария әмиянын тексеретін болсаңыз, блокчейн басталғаннан бергі барлық транзакцияны тексеруге болады, – деп толықтырды АХҚО өкілі.

Сондай-ақ спикер АХҚО-да тіркелмеген, лицензиясы жоқ криптобиржаларға қаражат салмау керектігін ескертеді.

Қаржы орталығының комитеті криптоюбиржаны егжей-тегжейлі тексереді және жұмысын бақылауда ұстайды. Яғни криптобиржа клиенттердің қаражатын қалай сақтайтынын көрсетуі тиіс. Криптобиржа клиенттердің ақшасы мен цифрлық активтерін басқа клиенттердің және криптобиржаның өзінің ақшасынан сегрегациялайды. Клиенттің ақшасы клиенттің рұқсатынсыз алынбайды, – деп қорытындылады Али-би Алтай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама