Halyq Uni логотип
×

Ресей өнімдері жаулап барады: макулатура өңдеушілер мемлекеттік қолдауға мұқтаж

Қазақстанның 100 млрд теңге айналымы бар қағаз өнеркәсібінен айрылып қалуы мүмкін

 Ербол Тұрымбет 14.07.2023 | 09:12
Ресей өнімдері жаулап барады: макулатура өңдеушілер мемлекеттік қолдауға мұқтаж
Фото: vtorsyre-kiev.pp.ua

Макулатура өңдеумен айналысатын қазақстандық компанияларға мемлекеттік қолдау күшеймесе, жабылып тыну қаупі туып тұр. Өйткені, батыс елдерінің Ресейге санкциясы қатаңдаған сайын ресейліктерден бұрын қазақстандық компаниялар қатты зардап шегіп жатқанын айтады.

Қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы төрағасы Батырбек Әубәкіровтің мәлімдеуінше, бұл салада мемлекеттік қолдау тетігі бұрыннан бар. Бірақ ол бірнеше жыл бұрын жасалған. Ал қазір сала өкілдерінің айтуынша, оның мәні қалмаған. Сондықтан, біріншіден, ол шараларды жаңарту керек.

Саладағы жағдайдың ушыққанына мысал, ресейлік өнімдер бүгінде солтүстігіміз бен батысымызды жайлап болып, оңтүстігімізге де өтіп кеткен. Өйткені олар санкция салдарынан еуропалық тұтынушыларынан айрылды. Ал зауыттары өте үлкен, қажет десе Қазақстан нарығын бір сәтте-ақ көмкеріп тастайды. Енді тұралап қалмас үшін арзан өнімін Қазақстанға жіберіп жатыр.

Енді біздің зауыттар да өнімін арзандатпаса, жабылып тыну қаупі бар. Ол үшін мемлекет қолдауы қажет.

Екіншіден, Ресейдің өңір басшылары зауыттарына өндіріс қондырғыларын алу үшін 1%-дық несие береді. Ал Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры оны 9%-бен үлестіреді. Осыдан кейін қалай бәсекелесе аламыз? Оның өзінде, сол 9% бәріне бірдей беріле бермейді, – дейді қауымдастық төрағасы.

Үшінші мәселе, «Жасыл даму» АҚ-на қатысты. Қайталама шикізат өңдеушілер сол компания тарапынан көрсетілетін көмекке қатты үміт артады. Бұрын олар «ӨКМ операторы» болып тұрған кезде «Экоқолдау» бағдарламасы болған. Соның аясында макулатура жинаушыларға өтемақы ретінде қаражат төленетін. Қазір ол тоқтаған. Төлем тоқтаған соң макулатура сапасы нашарлаған.

Енді макулатураны қайта өңдеушілердің көпшілігі біртіндеп ресейлік макулатураға өтуі мүмкін. Ол әлбетте, біздің макулатура жинаушыларға ауыр соққы болады. Жуырда ғана бірер макулатура жинаушымен сөйлестім. Олар қазірден-ақ қабылдау орындарын жауып жатқанын айтты. Өйткені, бұл салада әрі қарай жұмыс істей беру тиімсіз болып кеткен, – дейді Батырбек Әубәкіров.

Қауымдастық басшысының сөзінше, жалпы қорап атаулының пластик, қағаз, шынысын қоса есептегенде 9 түрі бар. Отандық өндірушілер соның ішінде тек гофро түрі бойынша ғана ел нарығын 83% қамтып отыр. Қалған кеңсе қағазы, полиэтилентерефталат, полиэтилен және басқа да түрлері бойынша Ресей мен Қытай өнімдері әлдеқашан басып алған. Енді гофроөнім шығаратын кәсіпорындар да тығырыққа тіреліп отыр.

Сонымен қатар, коммуналдық тарифтердің көтерілуі де жағдайды ушықтырған. Мәселен, шілдеден бастап газ тарифі 130% өскен. Осыған дейін мың текше метрі 30 теңгенің шамасында болып келсе, қазір 66 теңге.

KZ Recycling ЖШС директорының кеңесшісі Ернар Жұматаевтың сөзінше, соның нәтижесінде зауыт жылына қосымша 500 млн теңге шығынға батады. Өйткені, өндірісте қолданылатын газдың 90%-ы қаңта өңдеуге жұмсалады. Оған қоса, электр энергиясының да қымбаттағанын айта кетейік.

Мұндай қыруар шығынға батқанша, зауыттарға дайын өнім сатып алған жақсы. Нәтижесінде шикізат сатып алуға кететін шығын Қазақстан экономикасынан сыртқа кетеді. Ақырында макулатура жинаушылар табыссыз қалады, – дейді Ернар Жұматаев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде солтүстік өңірдегі 4 компания бұл зауыттың өнімінен бас тартып, тиімді бағамен картон қағаздарын Ресейден сатып ала бастаған.

Сайып келгенде, бұл салаға жылдамдатып мемлекеттік қолдау тетігін жетілдірмесе, Қазақстан 100 млрд теңге қаржы айналымы бар қағаз өнеркәсібі нарығынан айрылып қалуы мүмкін. Одан бөлек, осы салада жұмыс істейтін 15 зауыттағы 3 мыңдай қызметкер мен шикізат жинаумен айналысатын 7 мыңдай адам табыссыз қалады деген сөз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама