Қазақстанда биыл жем-шөп тапшылығы қайталана ма?

Бауыржан Мұқанов

Шаруалар мал азығын шетелден импорттауға мәжбүр

Фото: Halyq Uni

Республика аумағы бойынша 65 құрамажем кәсіпорны бар, олардың жалпы қуаттылығы жылына 2,2 млн тоннаны құрайды, олар ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының барлық түрлері үшін бос және түйіршіктелген түрде толыққанды теңдестірілген құрама жем өндіреді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген құнарланған азық көлемі 1,7 млн тоннаны құрады.

Биыл 2020 жылмен салыстырғанда азықтық дақылдарының алқаптары 100 мың гектарға 3,1 ден 3,2 млн гектарға дейін ұлғайды. Азықтық дақылдардың жаппай жиналуы 4,2%, 2020 жылы 4,6 млн тоннадан 2022 жылы 4,9 млн тоннаға дейін артты, – деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, қазір ірі азықпен қамтамасыз ету 80% (2020 жылы – 75%), шырынды азықпен – 60% (2020 жылы – 50%), жемдік астықпен – 50% (2020 жылы – 48%) құрайды.

Сонымен қатар, 2025 жылға қарай азықтық дақылдарының егіс алқаптарын 3,3 млн гектарға дейін жеткізуге, егіс алқаптарынан азық дақылдарының жалпы жиналуын 5,1 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейтін 2022-2025 жылдарға арналған азық өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда.

Сондай-ақ жемдік қорды қалыптастыру мақсатында 2022 жылы 200 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20,0 млрд теңге бөлінді, – делінген министрліктің хабарламасында.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 235,2 мың тонна жемдік астық жиналды.

Қажет болған жағдайда жемдік астықтың бұл көлемі мал және құс шаруашылықтарын арзандатылған бағамен қолдау үшін бағытталатын болады, – дейді министрлік.