Halyq Uni логотип
×

Мемлекеттік қаржыны тексеру кезінде 113 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды

Үкіметте бюджеттің атқарылуы туралы баяндалды

 Динара Амантай 12.07.2023 | 14:07
Мемлекеттік қаржыны тексеру кезінде 113 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды
Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік қаржыны тексеру барысында 113 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиын барысында министр биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы баяндады. Өз сөзінде Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден аса кіріс түсіп, жоспардың 102,3% орындалғанын атап өтті. 

Республикалық бюджетке 6,1 трлн теңге түсті. Жергілікті бюджеттердің кірістері 121,7%-ға орындалып, 3,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 552 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд теңгеге асыра орындалды. Мемлекеттік бюджет шығыстары 99,3%, республикалық бюджет шығыстары 99,4%, жергілікті бюджеттер шығыстары 99,5% орындалды.

Сондай-ақ 2023 жылдың 6 айында 1 мың 138 аудиторлық іс-шараның өткізілгені атап өтілді. Аудитпен 644 млрд теңге қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша шамамен 113 млрд теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері тауарларды жеткізуді қалпына келтіру, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 101 млрд теңгеге бұзушылықтарды жойды.

Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама