Қазақстан коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны шығаруын тоқтатты
2021 жылы «Сптуник V» вакцинасын алуға 63 млрд теңге бөлінген
Қарағанды фармацевтика зауыты ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығаруды доғарды. Бұл туралы 28 сәуірде Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова хабарлады.
Бас санитардың айтуынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы төрт миллионнан астам вакцина бар, ол вакцинация үшін де, ревакцинация үшін де жеткілікті. Сол себепті қосымша вакцина шығарылмайды, сатып алынбайды.
«Спутник V» вакцинасын сатып алу жоспарда жоқ. Қарағанды фармкомбинаты вакцина шығарғанға дейін жасаған дәрілерін шығара береді, - деді Бас санитар.
Қазақстанда 2021 жылы жалпы вакцина сатып алу үшін бюджеттен 88 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 63 млрд теңге «Сптуник V» вакцинасын алуға, QazVac вакцинасын сатып алуға 5,9 млрд теңге, CoronaVac сатып алу үшін 3,5 млрд теңге және Sinopharm вакцинасын сатып алу үшін 15 млрд теңге бөлінген.
Қарағандының фармацевтика кешені (ҚФК) 2005 жылы құрылған. 2017 жылы кешен қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жартылай иелігіндегі «НеоТекФарм» компаниясына өткен.