Атырау мұнай өңдеу зауытында қондырғылар істен шықпаған
«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов мұнай өңдеу зауыттарындағы бензин мен дизель қорына қатысты ақпарат берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан бойынша бір ай тұтынуға жеткілікті көлемде АИ-92 маркалы бензин мен дизель қоры бар, ал АИ-98 маркалы бензинінің қоры 2 аптаға жетеді, - деді басшы Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Дәулетжан Хасанов батыстағы төтенше жағдайға тоқталды.
«Кеше түстен кейін сыртқы желілер тарапынан электр энергиясының өшуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытыны жұмысы тоқтатылды. Дәл осындай себеппен Қарабатандағы газ-химия кешеніндегі жұмыс та апаттық жағдайда тоқтатылды.
Электр энергиясының өшуі салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының барлық технологиялық қондырғысы қауіпсіз түрде тоқтатылды. Апаттық жағдайдың алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алгортитмге сәйкес барлық қондырғыдан көмірсутегі газы алауға жіберілді.
3 шілдеге қараған түні электр қуатын қайта беру басталғаннан кейін зауыт қолда бар қордан мұнай өнімдерін жөнелтуді қайта бастады», - деді басқарма төрағасы.
«ҚазМұнайГаз» өкілінің айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты резервуарында бүгінде 26 мың тонна автобензин, 33 мың тонна дизель, 1200 тонна сұйытылған мұнай газы бар. Бұл көлемдер 7 күнге тұрақты жөнелтіуге жеткілікті.