Жаңа бағдарлама айлық табысы 500 мың теңгеге жуық отбасыларға арналған
Қазақстанда жақын арада қолжетімді жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін. Оның операторы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ болмақ.
Қазір несиелеу механизмі мен шарттары пысықталып жатыр, одан кейін жоба мақұлдауға жіберіледі. Ипотекалық ұйымның хабарлауынша, мемлекет қазірдің өзінде бағдарламаны субсидиялауға дайын.
«Қазір нарықта ипотека 18-19 пайызбен беріліп жатыр. Біз нарықтағы бағаға талдау жүргіздік. Орта тап үшін қолайлы мөлшер 11-12% екенін көріп отырмыз. 7-20-25 бағдарламасы алға қойған мақсатын орындаған соң, бұл ипотекалық несиелендіру нарығын, атап айтқанда, коммерциялық тұрғын үй және нарықтық ипотеканы қолдаудың қисынды жалғасы болады», - дейді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» төрағасының орынбасары Олжас Салықов.
Сарапшылар бағдарламаға қазірдің өзінде кемінде сегіз банк қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Олар ипотека механизміне талдау жасап, сосын несиелеуге кірісуге дайын.
Мамандардың айтуынша, билік алдағы төрт жылда тұрғын үй нарығын қолдауға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Тұрғын үй операторы жаңа бағдарлама бойынша ипотека рәсімдейтіндердің портретін жасап үлгерген. Олар – отбасының жалпы табысы жарты миллион теңгеге жуық, ай сайын 200 мың теңге төлеу мүмкіндігі бар орта тап өкілдері болмақ. Бастапқы төлем (жарна – ред.) 20 пайызды құрайды. Пәтерді тек бастапқы нарықтан немесе салынып жатқан үйден сатып алуға болады. Алайда несиенің максималды сомасы әлі белгісіз.