Қазақстан мен Тәжікстан сауда-саттықты нығайту мәселесін талқылады

Дәурен Ерболат

Қос ел арасындағы сауда айналымы – 1,4 млрд доллар

Фото: ҰЭМ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда министрі Завки Завкизодамен кездесті, деп хабарлады ҰЭМ-нің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Әлібек Қуантыров Орталық Азия елдерінің экономикалық форумына қатысуға шақыру алғаны үшін алғыс айтты. Форум 14-15 қыркүйекте Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті шеңберінде өткізіледі.

Осындай форумдар елдеріміздің экономикасы мен өзара сауданың дамуына оң әсерін тигізетін жақсы диалог алаңы болатынына сенімдімін. Қос мемлекеттің қарым-қатынасы берік бауырластық рухында құрылған, - деді Қуантыров.

Сондай-ақ Завки Завкизода екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың оң өсімін атап өтті.

Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз достық пен сенімге негізделген биік деңгейде. Соның нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның екінші ең ірі сауда әріптесі болып саналады, - деді ол.

Қос тарап 2023-2024 жылдарға арналған Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын іске асыру мәселесін талқылап, сауда ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Айта кетейік, былтыр қос ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,4 млрд доллар болды. Бұл – өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 18,5%-ға жоғары.