Қазақстан мен Еуроодақ бизнес ынтымақтастықты нығайтпақ

Дәурен Ерболат

Оған 100-ден аса кәсіпорын қатысады

Фото: schengenvisas.com

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) мен Еуропалық одақ өкілдігі бизнеске арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында аса қажетті шикізатпен (кобальт, магний, тантал, платина, палладий, литий, ниобий, ванадий және тағы басқа) қамтамасыз ету саласындағы меморандум шеңберінде ИИДМ Қазақстандағы ЕО өкілдігімен бірлесіп, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің ауқымды кездесуін ұйымдастырады.

  • 1-3 шілдеде министрлік өкілдері Өскемендегі металлургия зауыттарына барса, 4 шілдеде Астанада 27 қазақстандық және 22 еуропалық компанияның қатысуымен «Қазақстан-Еуроодақ: аса қажетті шикізат саласындағы бизнес серіктестігі» форумы ұйымдастырылады.
  • 13-17 қарашада Брюссель қаласында да кездесу өтеді. Бір аптаға жалғасатын іс-шараны Еуропалық комиссия ұйымдастырады.

Биыл Raw Materials Week-те Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған арнайы іс-шара өтеді. Онда 100-ден аса салалық бизнес кәсіпорынның өкілдері болады. Мұндай кездесулердің жаңа бірлескен жобаларды іске асыруда пайдасы зор.

Іс-шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім шығарып, технологиялық тұрғыда дамыған өнеркәсіпті құру.

Айта кетейік, Қазақстан 2029 жылға қарай өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр.