×

Қазақстанда NFT-суретшілер көбейген: олардың әр жұмысы 2000 долларға бағаланады

Блокчейн мен креатив экономика: елордада IT форум өтіп жатыр

 Айнұр Шошаева 26.04.2022 | 16:36
Business Day, елордада өткен форум

Бүгін елордада Digital Business Day 2.0 форумы басталды. Онда қазақстандық IT-компаниялар мен мемлекеттік сектор өкілдері халықтың тұрмысын жеңілдететін цифрлық өнімдер туралы талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстандық ІТ қауымдастық өкілдері мен сарапшылар саладағы проблемаларды ортаға салды. Қазақстандық блокчейн технологиялар қауымдастығының төрағасы Сапар Ахметовтің айтуынша, блокчейн технологияны дамыту ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондықтан, Қазақстан үшін оны қоғамның әр саласына енгізу маңызды.

«Әлемдегі барлық мемлекеттердің ЖІӨ-нің 10 пайызы блокчейннен алынады. Сондықтан бізге жылжымайтын мүлік, жер кадастры, білім және әлеуметтік жобаларды блокчейнге қосу керек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін осы блокчейннің көмегімен шешуге болады. Себебі блокчейн ол ашықтық, қорғауды білдіреді. Біз оған ұмтылуымыз керек», - деді ол.

Қазақстанда блокчейн технологиялар қауымдастығының құрылғанына бір жыл болды. Ұйым ІТ қауымдастықпен бірлесіп саланы дамыту үшін жұмыс істеп келеді.

«Бізде заңнамалық база бар. Тек оны жетілдіру керек. Ол үшін қазір Парламент дәпутаттары цифрлық активтер туралы заңның жобасын қолға алды. Біздің қауымдастық оған қатысып жатыр. Заңда әлемдегі үздік тәжірибелерді жинап, Қазақстанда іске қосу керек. Яғни Қазақстанды ІТ индустрия мен блокчейн технологияларда халықаралық хабқа айналдыру керек. Ол үшін біздегі заңнама заман үрдісінен қалып қоймауы керек», - деп қосты ол.

Сондай-ақ форум барысында қазақстандық NFT-суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сreeon design студиясының жетекшісі Қасымхан Жапановтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда NFT суретшілердің қатары көбейіп келеді.

«NFT - теңдессіз, баламасы жоқ токен. Бұл креатив экономиканың бір саласы. Қазақстанда қарқынды дамып жатқан саланың бір түрі. Кез келген жұмыс авторының сертификаты блокчейнда сақталады. Егер ол жұмысты сатып алсаңыз, оның құқық иеленушісі боласыз. Елімізде пайда болғанына аз уақыт болса да, қарқынды дамып келеді», - деді дизайнер.

Оның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда NFT-суретшілер мен авторлар көбейген. 

«Өз туындыларын сата алатын, білікті мамандар бар. Қазақстанда жұмысын сатқан 200, 500-ден астам суретші бар. Әр жұмысын орта есеппен 2000 АҚШ долларына бағаланады. Бұл салады дамыту керек», - деп толықтырлы сөзін Қасымхан Жапанов.

Бұдан бөлек, форумда цифрлық трансформация жағдайында Қазақстан халқының қаржылы сауаттылығын арттыру, E-сommerce дамыту, бизнес үшін IoT-шешімдер, креативті экономика, стартап мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама