Белсенді емес жеке кәсіпкерлікті жыл аяғына дейін жауып үлгерген жөн
Әрекетсіз заңды тұлғалардың тізімін төмендегі сілтемеден көруге болады
Қазақстандықтарға белсенді емес жеке кәсіпкерлікті жыл аяғына дейін жабу ұсынылды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Бұл ретте 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер туралы мына санаттағы адамдар декларация ұсынуға тиіс:
- басшылар, құрылтайшылар және олардың жұбайлары;
- жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.
Міндеттеме кәсіпкер немесе заңды тұлға жұмыс істемесе де туындайтынын ескеру қажет.
Кәсіпкерлік қызмет болмаған жағдайда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңіне ілікпеу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті жыл аяғына дейін келесі іс-шараларды өткізуді ұсынады:
- Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, бірақ кәсіпкерлікпен айналыспасаңыз, ЖК-ны оңайлатылған тәртіпте жабу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуыңызға болады.
- Егер сіз заңды тұлға басшысы болмасаңыз, бірақ заңды тұлғаның тіркеу деректерін өзгертпесеңіз, веб-порталда хабарлама жіберу арқылы egov.kz-тегі деректерді түзете аласыз. Әрекетсіз заңды тұлғалардың басшыларының тізімін мына жерден көруге болады.
- Егер сіз заңды тұлғаның басшысы (құрылтайшысы) болсаңыз, кәсіпкерлік қызметті жүргізбесеңіз және жалғастыруды жоспарламасаңыз, кәсіпорынның тіркелген жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіну ұсынылады. Салық кодексінің 59-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес, заңды тұлға оңайлатылған тәртіппен, қалған жағдайларда салықтық тексеру жүргізілгеннен кейін таратылады.
Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер, оның ішінде олардың басшылары туралы ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz интернет-ресурсына («Электрондық сервистер» – «бизнеске көмек» – «Сенімсіз салық төлеушілердің тізімі» – «Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілердің тізімі» бойынша) орналастырылады.