«Мәселе қаражаттың көлемінде емес»: Фермерлерге субсидия неге тимейді?

Ербол Тұрымбет

Төлеутай Рахымбеков елуге жуық субсидияның екі-ақ түрін қалдыруды ұсынады

Коллаж: Halyq Uni

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл фермерлерге 108,8 млрд теңге субсидия төленген. Ал сарапшылардың айтуынша, соңғы 5 жылдағы субсидия көлемі 2 трлн теңге шамасында. Биылға жалпы көлемі 440 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаншалықты лайықты қаражат? Экономикасы озық елдердің көрсеткішімен салыстырғанда аз ба, көп пе?

Мамандардың айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде ауыл шаруашылығындағы субсидия көлемін жалпы саладағы өнім көлемінің 8,5%-нан асырмау туралы міндеттеме алған.

Қазір саладағы өнім көлемі 8 трлн теңгеге жуық болса, демек 640 млрд теңгеден асырып жібермеу керек. Ал биылғы бөлінетін қаражат одан 200 млрд теңге аз.

Сарапшы Төлеутай Рахымбековтың айтуынша, ақшаның көлемінен бұрын, мәселенің басқа қыры бар.  Алып отырған ақша да аз емес. Жалпы республикалық бюджет көлемі 20 трлн теңге десек, соның 2%-ы ауыл шаруашылығына субсидия ретінде жұмсалады деген сөз.

Мұнда негізгі сұрақ мынау: бөлініп жатқан ақша тиімді пайдаланылып жатыр ма? Оның әсері бар ма, жоқ па?

Сарапшының сөзінше, сол 440 млрд теңгенің 250 млрд-қа жуығы инвестициялық субсидия ретінде беріледі. Ол фермерлердің сатып алатын техника мен жабдықтарына кетеді. Одан соң 100 млрд-ы мал шаруашылығына, тағы 100 млрд теңгеге жуығы егіншілік саласына бағытталады.

Қазір субсидияның елуге жуық түрі бар десек, соның ішінде тыңайтқыштарға, техникаға, мал басына, пестицидқа, тұқым және тағы басқалары бар – бәрін есептей келгенде осынша шығады. Ол 2000 жылдардың басында дұрыс механизм болатын. Ал қазір жақсылап сараптау керек болып тұр. Неге дейсіз ғой?.. Фермерлердің өзі айтады, егер тыңайтқыштарды субсидиялай бастаса, олардың бағасы өседі. Техникаға субсидия құйса, онда да сол. Айналып келгенде, субсидия тауар өндірушілерге беріледі, бірақ бір қалтасына түскен ақша екіншісінен осы саланың маңайында жүргендерге кетеді. Фермер оның қызығын көрмейді, – дейді ол.

Сондықтан қазіргі жағдайды жан-жақты сараптай келе, беріліп жатқан сонша субсидияның екі-ақ түрін қалдыру керек деген ұсыныс айтады. Себебі, ақшаның көлемінен гөрі, тиімділігін арттыру керек.

Оның бірі, субсидияны өндірілген өнімге, тікелей фермердің өзіне беру керек. Мысалы, шамалап алғанда, осы мемлекеттік қолдауға тауар өндірушілердің 10%-ы ғана қол жеткізіп отыр. Екіншісі, экспортты қолдау және импортты алмастыру.

Сарапшының айтуына қарағанда, соның шамамен 25 мыңы ғана субсидия алады. Қалғандарына жетпейді. Себебі, бір жағынан құжат жинай алмаса, екіншіден ережелері әдейі солай жазылған.

Айталық, бір субсидия бойынша фермердің қолында 500-ден астам ірі қара малы болса ғана ала алады. Ол өте ірі шаруашылық. Мәселен, елу түрлі субсидияға елу түрлі құжат дайындау керек. Сосын оның әрқайсының ережесін білу керек. Егер де штатында заңгер, қаржыгерлері бар үлкен агрохолдинг болса, олар түсінер. Ал жекедара жалғыз фермер оны қайдан түсініп болады?!

Айта кетейік, статистика бойынша, бүгінде елімізде 230 мыңдай шаруа қожалығы бар. Оған 20 мыңға жуық заңды тұлғаны қосыңыз. Бұлардың сыртында 30 мыңдай жеке кәсіпкер және бар. Барлығын есептегенде, салада 280 мыңдай фермер бар деп есептеледі.